Белгілі блогер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желіде жігіттің TikTok-тағы байқау үшін видео түсіруге көлігін сұрағанын айтты. Алайда түсірілім кезінде жігіт жарақат алып, қайтыс болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бейбіт Әлібековтің сөзінше, түсірілім Алматы облысы Іле ауданындағы "Сұңқар" автодромында болған. Блогердің өзі қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Көлігімді қоймай сұрап жүрген Батырхан Ержан дейтін жігіт естеріңізде ме? Бермей қойған едім. Telegram-да пікірталас болды. (...) Ақыры көлікті трюгі үшін бердім. ...Бір трюкті қайталағысы келді. Қайталай алмады. Ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Ал бүгін таңертең, өкінішке қарай, ол дүниеден өтті. Айтарға сөзім жоқ. Жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Оған көлікті бермей-ақ қоюым керек пе еді?" - деді Әлібеков.
Бірнеше күн бұрын Бейбіт Әлібеков өзінің Telegram-дағы оқырмандары арасында "Бұл жігітке түсірілім үшін көлікті берейін бе?" деп сауалнама да жүргізген.
Алматы облысының Полиция департаменті өкілдері қайғылы оқиғаға пікір білдірді.
"29 қазанда автодром аумағында 22 жастағы жігіт видео түсірілімі кезінде трюк жасаймын деп, абайсызда 45 жастағы жүргізуші айдаған көліктің астына түсті. Салдарынан зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жатқызылды, ол 30 қазанда есін жимастан қайтыс болды", - деп жазылған хабарламада.
Облыстық Полиция департаменті автодромдағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.