«Таңбалы тастар – бабалар ізімен» экспедициясы өтті

Dalanews 17 қыр. 2018 16:14 962

Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында Түркістан облысында "Таңбалы тастар – бабалар ізімен" атты экспедиция ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты – Қазақстанның киелі жерлеріне енген өңірдегі 24 нысанды таныстыру әрі киелі өңірдің бай тарихы мен таңбалы тастарын насихаттау. Сонымен қатар, өңірге келетін қонақтар үшін жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру.

Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен тур Бәйдібек, Созақ аудандары мен  Кентау қаласын қамтыды. Атап айтқанда, екі күнге созылған экспедиция барысында жобаға қатысушылар Бәйдібек  ауданындағы Боралдай петроглифтері мен Ақмешіт үңгіріне, Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі мен Арпаөзен петроглифтеріне, Созақ көне қаласы мен Қарабура кесенесіне, сондай-ақ Кентау қалалық өлкетану музейі бағыттары бойынша тарихи жерлерді аралады.

Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Түркістан облысында 3 мыңнан аса петроглифтер бар. Басым көпшілігі Сақ дәуірінің жәдігерлері. Тастағы таңбаларда көбіне көшпелілердің тұрмыс-салты бейнеленген.

Мұндай экспедициялардың ұйымдастырылуы бабалардан қалған тарихи баға жетпес мұраларды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге зор мүмкіндік бермек.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар