Тамызда Қазақстанда тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелері 3,6%-ға азайды

Тамызда Қазақстанда тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелері 3,6%-ға азайды
pixabay.com

Қазақстанда 2026 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 807 мәміле тіркеліп, бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 3,6%-ға төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шілдеде ел бойынша 37 158 тұрғын үй мәмілесі жасалған болатын.

Мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – 7 690 мәміле немесе жалпы көрсеткіштің 21,5%-ы. Екінші орында Астана – 6 398 мәміле (17,9%), ал үшінші орында Қарағанды облысы – 2 825 мәміле (7,9%). Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – 277 мәміле, яғни жалпы көлемнің 0,8%-ы.

Шілдемен салыстырғанда тұрғын үй мәмілелерінің ең жоғары өсімі Алматы қаласында байқалды – 5,9%. Сондай-ақ Қостанай облысында мәмілелер саны 5,5%-ға, Қарағанды облысында 5,1%-ға артты.

Ал ең үлкен төмендеу Алматы облысында тіркелді – 21,1%. Атырау облысында мәмілелер саны 15,7%-ға, Жамбыл облысында 13,7%-ға азайды.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша тамыз айында 27 719 мәміле жасалды. Бұл шілдемен салыстырғанда 3%-ға немесе 856 мәмілеге аз.

Пәтерлер бойынша жасалған мәмілелер тұрғын үй нарығындағы барлық мәміленің 77,4%-ын құрады. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы мен Астана қалаларына, сондай-ақ Қарағанды облысына тиесілі.

Атап айтқанда, Алматының үлесі 26%, Астананың үлесі 22,6%, Қарағанды облысының үлесі 8,4% болды.

Бөлмелер саны бойынша ең көп сатылғаны – бір бөлмелі пәтерлер. Тамызда мұндай пәтерлер бойынша 10 806 мәміле тіркелді.

Жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны азайды. Тамызда бұл сегментте 8 088 мәміле жасалып, шілдемен салыстырғанда көрсеткіш 5,8%-ға немесе 495 мәмілеге төмендеді.

Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең жоғары өсімі Қызылорда облысында тіркелді – 7,8%. Қарағанды облысында өсім 6,3%, Жетісу облысында 2,7% болды.

Ал ең үлкен төмендеу Шығыс Қазақстан облысында байқалды – 15%. Алматы қаласында жеке тұрғын үй мәмілелері 14,6%-ға, Ақтөбе облысында 12,3%-ға азайды.

Жалпы, 2026 жылғы тамыздағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 13,5%-ға төмендеді. 2025 жылғы тамызда 41 380 мәміле тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 35 807-ге дейін түсті.

Өткен жылдың тамызымен салыстырғанда мәмілелер саны ең көп өскен өңір – Түркістан облысы. Онда өсім 9,8% болды. Ал ең жоғары төмендеу Астана қаласында тіркелді – 32,3%.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы тұрғын үй мәмілелерінің жалпы санын 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға төмендеу байқалады.