– Қазіргі таңда ауылдағы жастардың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына қандай жағдай жасалған? Бұл бағытта қандай мемлекеттік бағдарламалар ауылдың ажарын ашып жатыр деп ойлайсыз?
– Бүгінде елімізде ауыл мен қаладағы жастарға мемлекетіміз барынша қолдау көрсетуде. Бұл ретте жастардың жұмысқа тұруына, білімін жетілдіруге және кәсіпкерлікпен айналысуына барынша қолдау көрсетілуде деп нық сеніммен айта аламын.
Ендігі кезекте ауылды жерде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастарға қандай бағдарлама жақсы жағынан ықпал етуде деген сұрағыңызға жауап берсем. Бұл ретте мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына барынша жәрдемдесіп отырғанын айтқым келеді. Аталмыш бағдарлама ауылдағы адами капиталды дамытып, қоғамдық өмірімізде еңбек адамының мәртебесін арттыруға барынша септесуде.
Бүгінде ауылда адал еңбегімен кәсібін дөңгелетіп жүрген жастар баршылық. Мұндай жастар қандай құрметке болса да лайық деп ойлаймын.
Кез келген бизнес үшін мемлекеттің жеңілдетілген несиелерінің маңызы зор. Бірақ бизнестің өрісін кеңейту ісі тек қана қаржыға байланып тұрған жоқ. Бүгінде кез келген жас шағын бизнеспен айналысып, өзінің болашағы жарқын болуын армандайды. Осы ретте кәсіпкерлікпен айналысуға ықылас танытқан жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, бизнесті жүргізуге қажетті бухгалтерлік есеп, басқа да дүниелерді үйрететін оқу курстарын көптеп ұйымдастырудың маңызы зор деп есептеймін. Соңғы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті билік орындары айрықша мән беруде. Өз басым осы бағыттағы жұмыстардың жандана түскенін қалаймын.
– Тамила, сіз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматша ретінде ел жастарының бизнестің қандай түрімен айналысқаны жөн деп есептейсіз?
– Бұл ретте кесіп айту қиын. Бүгінде қаладағы жастардың түрлі бизнеспен айналысуына мүмкіндігі зор. Ал ауылдағы жастар үшін ауыл шаруашылығы саласында шағын кәсіпкерлікпен айналысуы маңызды деп есептеймін. Өйткені қазіргі таңда ауылды дамытуға бағытталған бағдарламалардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласын өркендетуді көздейді. Әңгіме арасында сөз еткен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қазіргі таңда ауыл жастары үшін әлеуметтік лифтіге айналды десем болады.
Бүгінде егін егіп, бау-бақша өсіріп, мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі зор. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өзіндік мүмкіндіктері бар. Алдағы уақытта ауыл жастары өздерінің болашағын ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырып, өздерінің туған жерінде қазығын қағуы керек деп есептеймін.
Бұдан басқа, ауылда, қалада тұратын кез келген жас мемлекетіміздің кәсіпкерлік саласын реттейтін заңдарын және бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалармен мұқият танысуға кеңес берер едім. Өйткені бұларды білмейінше, кәсіпкерлікті дамыту мүмкін емес. Жалпы, жастар құлағын түріп жүруі керек. Сол кезде олардың жұмысы жемісті болатыны сөзсіз.
– Түсінікті, ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып, қандай жетістікке жеттіңіз?
– Біздің кәсібіміз ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. О баста біздер Атырау жерінде алма өсіруді қолға алдық. Жалпы, мұнайлы өлке Атырауда алма өсіру біреулер үшін орындалмас арман болып көрінуі мүмкін. Осылайша, біздер үлкен іске белді бекем будық. Атыраудың қысы суық, жазы аптап ыстық екені баршаға мәлім. Осындай қатал ауа райына шыдамды алма сорттарын таңдап алдық. Олар – нававит, надзейн, фрид, бүлдірген түстес белорус алмасы. Алманың бұл сорттары ыстық пен суыққа өте төзімді болғандықтан, Атырау жерінде өсіп, өнім беріп жатыр.
Қазіргі таңда біздің шаруашылық ешкі сүтін өндіру ісін мықтап қолға алып отыр. Елімізде ешкі сүтінен өнім өндіретін кәсіпорындар мүлде жоқ десек те болады. Жалпы, ешкі сүтінен сәбилерге арналған сүт өнімдерін шығаруға болады. Ешкі сүтінен өндірілген өнімдер кез келген адамның денсаулығына пайдалы болғандықтан қолға алып отыр. Қазіргі таңда көгендеп сауатын ешкілеріміздің саны мыңнан асты.
Ауылда кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған жастар табиғи өнімдерді өндіріп, саудалау ісіне айрықша мән беруі керек. Осылайша, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрбір жас өз үлесін қосуы керек деп есептеймін. Жалпы, болашақта Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдер елімізді сыртқа таныта түсетін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұр ЖҰМАХАН