Талғардағы трагедия: Желіде күдіктілердің суреті тарауда

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2024 14:34 8717

Талғарда 16 жастағы Шерзатты өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктілердің суреті әлеуметтік желіде жаппай таралып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

QirSabyn телеграм арнасы бірнеше күдіктінің суреті мен олардың есімін жариялаған. Дереккөздің мәліметінше, күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұрын сотталған. 

“Бір бөтелке сыра үшін Шерзатты өлтірген қылмыскерлердің бет-бейнесі - осы. Бүкіл ел 16 жастағы Шерзаттың қазасын естіп, шулап жатыр. Міне, осы 13 ересек адам марқұм Шерзаттың әкесін ұрып, ағасын пышақтап кеткен. Ал анасы осы сәттің куәсі болды. Баласының жауыздықпен ажал құшқанын өз көзімен көрді. Оның қандай күйде болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес”, - дейді QirSabyn телеграм арнасы.



Сонымен қатар төбелеске екі қыздың да атсалысқаны айтылған.

“Екі қыз пышақ ұстап, әкесінің баласына көмек көрсетуіне кедергі келтірген. Қазіргі таңда суретте көрсетілген 7 адам ұсталған. Ал екі қыз куәгер ретінде қарастырылып жатыр. Қалған төртеуі прокуратурадағы таныстарының арқасында бостандықта жүр”, - деп қосты арна. 

Осы тұста QirSabyn телеграм арнасы көпшілікті бұл іске бей-жай қарамауға шақырды.

“Бұл - мақсатты түрде жасалған топтық қылмыс. Сол себепті ашық сотқа әбден лайық. Еліміздің танымал тұлғалары мен блогерлері осы істі ілгерілетуге атсалысса дейміз. Бұл да Салтанаттың жағдайына ұқсас. Әділдікті бірге талап етейік! 13 адам заң алдында жауап беруі керек!”, - деп түйіндеді арна.

Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған еді. Суық қару асынған бір топ жігіт марқұм жасөспірімге, оның ағасы мен әкесіне шабуыл жасаған.

Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. 

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Осы тұста марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмағанын айтады. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етіп отыр.

"Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді", - дейді Бақыт Реймова.

Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 

"Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?", - дейді марқұмның әпкесі.

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.

Оқиғаға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді. 

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді Сәденов. 

Сонымен қатар бүгін, 8 қазан күні, Алматы облысының прокуратурасы Талғар қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

Айтуларынша, қылмыс қатаң бақылауға алынған.

“Біз дүйім жұрттың алаңдаушылығын түсінеміз. Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ресми түрде мәлімдейміз, бұл қылмыс прокуратура қызметкерлерінің ерекше бақылауына алынған”, - делінген прокуратураның хабарламасында.

Сондай-ақ прокуратураның мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде жеті адам ұсталып, оларға сот тарапынан екі ай мерзімге қамаққа алу туралы санкция берілген.

“Барлық жағдайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған объективті тергеуді қамтамасыз етеміз. Барлық азаматқа уәде береміз, бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларға жазадан жалтаруға мүмкіндік берілмейді”, - деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар