Талғардағы қанды оқиғадан кейін сөгіс алған аудан әкімінің орынбасары ауруханаға түсіп қалды

Қаракөз Амантай 12 қар. 2024 12:35 2400

Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың ауруханаға түскені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айбек Бидаевтың ауруханада жатқанын Ulysmedia.kz дереккөзіне әкімнің баспасөз қызметі растаған. Алайда әкім орынбасарының ауруханаға түсуіне қандай жағдай әсер еткені туралы ақпарат жоқ.

Аудандық әкімдіктегі кадр бөлімінің басшысы Бидаев сырқатының себебі еңбекке жарамсыздық парағын алғаннан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

Айта кетейік, Талғардағы трагедиядан кейін Талғар ауданының әкімі Айдарбеков Таңат пен оның орынбасары Айбек Бидаевқа сөгіс жарияланды. 

Сонымен қатар Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылғанын жазған едік.

Сондай-ақ “Хутор” бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың ағасы Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен кеткен еді.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар