Талғардағы оқиға ел ішіне іріткі салуды көздейтіндерге керемет құрал болды — Айгүл Орынбек

Қаракөз Амантай 13 жел. 2024 09:47 2042

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok пен Instagram-да халықты көшеге шығуға үндейтін бейнероликтер мен жазбалар кеңінен таралып кетті. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек бұл мәселеге алаңдап, осы сарындағы әрекет ел ішіндегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, бұл мемлекет ішіне іріткі салуға ниеттенген арандатушы топтардың мақсатты әрекеті.

“Тіпті оқырмандары көп блогерлерді “Шерзат жайлы жазбаса, отписка жасаңдар” деп айдап салуда. Талғардағы оқиға елімізге ылаң салғысы келіп отырған сыртқы күштерге және іштен іріткі жасағысы келгендерге керемет құрал болып тұр. 16 желтоқсанға қарсы халықты көшеге шығару үшін әдейі жасалып жатқан дүние болуы әбден мүмкін.

Әйтпесе бұндай әділетсіз тергеліп жатқан қылмыстық істер еліміздің барлық аймағында болып жатыр.

Жылы үйде жатып алып, анау жаққа неге бармайсың, мына жақты неге қолдамайсың деу бәріміздің қолымыздан келеді.

Халықтың жүгін көтеру оңай емес, әр аймақта жазықсыз өліп жатқан адам көп!”, — деп жазды ол.

Сонымен қатар заңгер TikTok платформасындағы халықты ашық көтеріліске шақыратын бейнероликтерге назар аударып, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратурасына үндеу жолдады. Ол осы видеоларға қарсы шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

“Шетелдік блогерлер ішкі саясатымызға неге араласады?

Біздің халықты көшеге шығуға ашық шақырып жатқан видеолары тик- токта өте көп. Оларға тыйым салуға қандай жұмыстар жасалып жатыр?!

Бұл мәселеге тиісті органдар тез арада араласуы тиіс,” – деп мәлімдеді ол.

Қазіргі уақытта Шерзат Болаттың отбасына заңгерлік көмек көрсетіліп жатқаны белгілі.

Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін әрбір азамат жазбалары мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін еске салған Айгүл Орынбек өз үндеуін былай аяқтады.

“Елдің алдында резонанстық  істерді  алып жүру екінің қолынан келе бермейді.

Видео түсіріп айқайласа болды,  халық мені қолдап, мәселе шешіліп кетеді деп ойласаңыздар қателесесіздер.

Ел алдыңда әрбір жазылған жазбаңа заң алдында жауап бересің.

Сол себепті абай болыңыздар, арандап қалмаңыздар!

Дәл қәзір Шерзаттың отбасына көмек көрсетіп жатқан қорғаушылар мен қоғамның жүгін арқалағысы келген Салтанаттың ағасы бар. Мойнына алдыма жұмысының нәтижесін көрсетсін”, — деп қосты ол.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.

"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.

Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар