Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Dala News.
Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы келісім 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған. Құжат ұйымдасқан қылмысқа, терроризм мен экстремизмге, есірткі айналымына, заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрестегі өзара іс-қимылды реттейді.
Сонымен қатар келісім ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
Құжатқа сәйкес, екі елдің құзыретті органдары қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел ақпарат алмаса алады. Сондай-ақ іздеудегі адамдар туралы деректерді жедел салыстырып тексеру мүмкіндігі қарастырылған.
Қазақстан мен Қатар киберқылмыс пен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бағытында бірлескен жаттығулар өткізіп, технологиялармен және тәжірибемен алмаса алады.
Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті заң жобасы бойынша оң қорытынды беріп, оны бірінші оқылымда қарауға ұсынды.