ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражат жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
2021 жылы "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ның қатысуымен "Сыздық Ата" ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңге болған.
Жоба мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған. Тергеу дерегіне сәйкес мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы "Нұрай" және "Абылайхан" ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Күдікті қамауға алынды.
Сот санкциясымен оған тиесілі екі көлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.