Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі әлеуметтік желіде пайда болған ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тәртіп сақшылары ақпаратқа жауап беріп, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы дәмханалардың бірінің маңында атыс болды деген ақпарат тарағаны шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді.
Белгілі болғандай, мекеме қонақтары сөзге келіп қалып, жанжалға ұласқан. Оқиғаға сеніп тапсырылған аймақты патрульдеп жүрген полицейлер жедел түрде араласып, жағдайды реттеді.
Бұзақылық әрекеттер фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысушылар полицияға жеткізілді.
Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
“Біз тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз және жалған ақпаратты тарату заң бойынша жазаланатынын, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз”, – деді тәртіп сақшылары.
Еске салайық, бұған дейін талғарлық 16 жастағы Шерзаттың өлімі дүйім жұртты дүрліктірген еді. Жас жігіт бір топ бұзақының қолынан ажал құшты.
Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.