"Талғар-инвест" форумы нәтижелі аяқталды

Dalanews 25 қар. 2017 10:11 807

Ауданымыздың ең көрікті демалыс орындарының бірі «Сегіз көл» кешенінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Талғар-инвест» тақырыбында жерлестер форумы өтті.

Форумның негізгі мақсаты: белсенді азаматтарының басын қоса отырып, ауданның экономикалық даму көрсеткіштері мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, атқарылып жатқан ауқымды істерді жұртшылыққа таныстырып, ел дамуына бағытталған инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға ұсыныс жасап, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне көпшілікті жұмылдыру болатын.

Форумға Талғардан шыққан атқамінер азаматтар:  ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Ертарғын Астаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының комитет төрағасы Мұрат Әбенов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаев, Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары арнайы шақырылып, аудан әкімі Райхан Садықова бастап, барлық орынбасарлары, қала, ауыл әкімдері, аудан кәсіпкерлері мен меценаттар, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері, кәсіпорын басшылары қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек жүргізіп отырды.

–  Елбасы ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайды. Осы тұста Елбасы  алдымызға таяу жылдардағы орындайтын міндеттерді жүктеп, біршама нақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігін тапсырды.     Соның бірі, «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін, нақты нәтижемен көрсету. Бұл – мәдениетті өркендету мен өлкетану, елді мекендерді абаттандыру, туризмді дамыту және тағы басқа да шараларды қамтитын  ауқымды жоба, – деп сөзін бастаған Дәменияр Алғатбекұлы  жиылған қауымды форум қонақтарымен таныстырды.

Содан кейін сахна төріне қойылған лэд экран арқылы аудан туралы «Туған жер» атты қысқа метражды деректі фильм ұсынылды. Жиылған қауым алдында алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Райхан Садықова алды.



– Инвестициялық ахуалды жақсартудың және тікелей инвестицияларды тартудың маңыздылығы туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым айтып келеді. Өзінің  Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы жаңа жаһандық нақты ахуалда жаңа инвестициялық саясат қабылдаудың маңыздылығы туралы тағы атап өтті. Талғар жері инвестиция тарту мен өзара тиімді серіктестіктер құруға қолайлы аймақ. Елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар ауданымыздың экономикалық секторларының  түбегейлі өркендеуіне септігін тигізіп келеді. Әсіресе, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы өнеркәсіп өндірісін дамытуға зор мүмкіндік берді. Осы бағдарлама аясында ауданымызда «Амиран» балаларға арналған сүт тағамдарын өндіретін зауыт пен сүт – тауарлы фермасы , «Байсерке-Агро» ет өңдейтін кешені мен сүт өңдейін зауыты, «ЮСКО» көпсалалы логистикалық кешені, «Сұлтан» дәрілік заттар шығарытын зауыты, «Этолон Гирдокорм» балықтарға арналған азықтар өндіретін зауыты, «Лесная Сказка» таулы демалыс орыны ашылып, «Глазман» тігін өндірісі жаңартудан өтті,- деген аудан әкімі осы аталған жобаларды жүзеге асыру үшін ауданымызға 20,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 300-ден аса жұмыс орындары ашылғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда инветиция тарту саясатының арқасында ауданымызда «Артпрайм  Қазақстан» резина плиталар шығаратын зауыт, «Керуен Плюс» пластикалық заттар шығаратын зауыт,«Талхиз Фуд» консервіленген жүгері өндіретін цех, « Жетісу Строй Сервис» жылыблок өндіретін цехы іске қосылғанын да жеткізді. Бұл жобаларға 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 372 адам жұмыспен қамтылғанын да айтқан  аудан басшысы өңірдегі өндіріс пен кәсіпкерлік саласындағы басқа да жетістіктер мен жаңа ашылып жатқан жұмыс орындары туралы сөз қозғап, бұл күнгі форум аясында болатын кездесулер мен диалогтар  болашақтағы өзара тиімді және жан жақты ынтымақтастықты  дамытуға,  аудан экономикасының  барлық салаларында инвестициялық әлеуетті тиімді  қолдануға  мүмкіндік  беретініне сенім артты.

Содан кейін кезекпен сөз алған қоғам қайраткері  Е. Астаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының комитет төрағасы М. Әбенов, Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы А. Тохтасуновтар Елбасының  мақаласында айтылған бағдарламаларды жүзеге асыру мен оның ел болашағын баянды етуге қосар үлесі туралы сөз қозғап, туған жерімізді көркейту, оның экономикасын дамытып, әл-ауқатын жақсарту баршамыздың борышымыз екенін алға тартса, «Керуен Плюс» ЖШС-нің атқаушы директоры А.Каташев, «ХОВА Сентрал Азия Лтд» ЖШС-нің директоры Ғ.Аманбаев, «Синтез КЗ» ЖШС-нің директоры И.Рыбин, «КазЛифт» мекемесінің директоры А.Скрипин, «Жұлдыз» ЖШС-нің төрағасы Ж. Джекенов, «АгроМелиоСтрой» ЖШС-нің басшысы Б.Байболовтар өздері басқарып отырған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғады.

Бұл күнгі форум барысында ауданымызға инвестиция тарту мақсатында келген бірқатар азаматтармен құны 42 млрд. теңге болатын екі жақты бернеше меморандумға қол қойылды. «Туған жер» бағдарламасы аясында құны 100 млн. теңге болатын көлемі 485 шаршы метрлік спорт залын тұрғызып, ауыл әкімшілігінің игілігіне тапсыруды ұйғарған  бесағаштық жеке кәсіпкер Қ. Мейірбековпен де екі жақты меморандумға қол қойды.  Осындай басқосулардың қашанда ел игілігі үшін берері мол болмақ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар