Талғар маңында атыс болды деген ақпарат тарады

Көркем Алдабергенова 11 қаз. 2024 12:02 1389

Әлеуметтік желіде Талғар маңында атыс болды деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желі қолданушылардың сөзінше, оқиға Талғар трактінің маңында орналасқан Тұздыбастау ауылында болған. Бұл дерекке қатысты тәртіп сақшылары пікір білдірді. 

Алматы облысының Полиция департаментінің мәліметінше, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

"Оқиғаға қатысы бар адамның бәрі ұсталып, полицияға жеткізілді. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деді ведомство өкілдері. 

Артынша облыстық Полиция департаменті жаппай атыс болғаны туралы хабарды жоққа шығарды. Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі мән-жайды түсіндірді.

"Әлеуметтік желілерде тараған, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы кафелердің бірінің жанында атыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Мекеме қонақтары сөзге келіп қалып, арты жанжалға ұласқаны белгілі болды. Сеніп тапсырылған аймақты патрульдеп жүрген полицейлер оқиғаға жедел араласып, жағдайды реттеді", – деп жазылған полиция жауабында.

Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы барлар полицияға жеткізілді.

"Зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар