Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров қайтыс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Өкінішке орай, оңайшылықпен сенгіміз келмейтін қаралы хабарды естіп отырмыз, қысқа уақыт ішінде біздің ауданға көп нәрсе жасап үлгерген жақсы адамымыз - әкімімізден айырылып қалдық", делінген Іnstagram-дағы kris_p_talgar парақшасында.
Әкімдіктің хабарлауынша, ол бүгін таңертең пневмониядан қайтыс болған.
Жолан Омаров 2019 жылдың қыркүйегінде Талғар ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ол 1979 жылы 7 шілдеде дүниеге келген, үйленген, төрт баласы бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін заңгер, Қазақ ұлттық аграрлық университетін кадастр бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын «КИРЗАВОД-1» ЖШС атқарушы директоры болып бастады.
Әр жылдары «КИРЗАВОД-1» ЖШС бас директорының орынбасары, «Алматыжер ҒӨО» ЕМК Алматы филиалы заң секторының маманы, Қаскелең жер-кадастрлық филиалының басшысы, «Алматыжер ҒӨО» ЕМК директорының бірінші орынбасары, директордың міндетін атқарушы, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы, Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 2014 жылдың тамыз айынан бастап Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы болды.
Кейін Райымбек ауданының әкімі болған.
Бүгінгі күнге дейін Жолан Ыбырайақынұлы Талғар ауданының әкімі қызметінде болған.
Жолан Омаров жайында белгілі ақын Жанарбек Әшімжан күңірене жазып, марқұмды кейінгі буынның ішінде оза шауып, елдің көшін бастаған санаулы саңлаққа теңеді.
“Райымбек ауданын сәтімен түлетіп, Талғар халқын да ретімен қуантып келе жатыр едің ғой…
Сенім мен Үміттің, жауапкершілік пен нәтиженің қадірін арттырған, ел-халықтың жағдайынан басқа уайымың жоқ еді. Нағыз кемеліңе келген шағың еді. Жасаған берген жан бауырым-ай. Інім-ай Аңқылдаған ақжүрегім! Балдағы алтын семсерім-ай!
… Неше күннен бері жүрегім суылдап жүр еді. Дұға тілеп едім. “Жамандықтың алдын жақсы жаңалықтар алады” деп,көңілді ноталармен назарды басқа жаққа бұруға тырысып бағып едік… “Жолантай,батыр ғой,бәрін жеңіп тік тұрып кетсе екен” деп Құдай тағаладан тілеп едік.
Сені көрген сайын алқымын әппақ сақалы жапқан 80-90-дағы алып абыз қария көз алдыма келетін еді.
Көрмеген көшеңде Жаратқан Ием панасына алсын,жарығым. Иман нұрың пейіштің төрінде шалқысын. Қандай қиын… Мемлекетке керек ең сапалы Азаматтардың бірі кетті арамыздан”, – деп жазды ақын әлеуметтік желідегі парақшасында.