Филология ғылымдарының докторы, профессор, Таңжарықтанушы ғалым, қордың ғылыми кеңесшісі Темірхан Тебегенов, қоғам қайраткері, қор кеңесшісі Рахым Айыпұлы, белгілі айтыскер ақындар Серік Қалиев, Әбдіғани Бәзілханұлы, Жұматай Оспанұлы қазылық еткен байқауда қатысушылар Таңжарық өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан және ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беруден жарысқа түсті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Бас жүлде мен оған белгіленген 50 000 теңген і(қор кеңесшісі, әдебиет сыншысы Омарәлі Әділбекұлы тағайындаған) ҚызПУ-дың студенті Ақгүл Айдарбекова алса, 1-орынды Талдықорған политехникалық колледжінің І курс студенті Жұлдыз Бекмұратқызы(40 000) иеленді. Ал жүлделі 2-орындарды Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Салтанат Әнапияева мен ҚызПУ-дың студенті Айжан Мелдебек еншіледі. Сондай-ақ, әрқайсысы 15 000 теңгені құрайтын 3 жүлде Жетісу университетінен қатысқан 3 студентке бұйырды.
Жастардың Таңжарықтануға деген ықыласы мен пейілі жоғары, алған әсері мен түйген білімі мол болды. Оған дәлел, мамандығы басқа Талдықорған политехникалық колледжінен 10-ға тарта студенттің ақын өлеңін жаттап, өміріне үңіліп, аса зор ынта танытуы.
Түстен кейін өткен әдеби-сазды кеште белгілі әнші Нұржан Жанпейісов, Сәулежан Тақзия, "Аманат" тобы, т.б. әншілер және Алматы мен жетісулық жас ақындар қатысып Таңжарықтың әндерін орындап, ақын рухын асқақтатып айтыс жасады.
Осылайша, жыл өткен сайын Таңжарық ақынға деген жастардың танымы, құрметі мен зерттеп-зерделеуге деген құлшынысы артып, деңгейі де жоғарлап келеді. Бұған дейін қатарынан 3 жыл бойы Алматыда қалалық деңгейде өткен "Таңжарық оқулары" биыл алғаш рет аймақаралық әдеби бәсекеге көтерілді.
Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ, журналист