Талдықорғанда Салтанат сарайы ашылды

Dalanews 13 қар. 2017 13:42 1408

Талдықорғанда ресми ашылуы өткен Салтанат сарайында екі жұп некелерін қидырды. Жас жұбайларды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанат сарайының ашылу рәсімі 15 жас жұптың орындауындағы «Махаббат вальсі» биімен басталды. Би соңынан көгершін мен жүрек бейнелі шарлар ұшыру сәті де шараға ерекше көрік берді. Сарайдың ашылуына алтын және лағыл тойларын атап өткелі отырған 2 отбасының иелері негізгі қонақ ретінде арнайы қатысты. Көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:



– Құрметті талдықорғандықтар! Бүгін біз жаңадан тұрғызылған, заманауи, келісті де келбетті Салтанат сарайын ашып отырмыз. Мұнда тек неке қию рәсімі ғана орындалып қоймайды, сонымен қатар түрлі деңгейдегі шаралар да өткізілетін болады. Десе де, бұл сарай ең алдымен адам өмірінің ең маңызды белесі – отбасын құру рәсімінің ерекше қуаныш екенін айшықтау үшін, ұмытылмастай есте қалдыру үшін қызмет ететін болады. Жаңа Салтанат сарайында некеге отыратын жастар саны көбейіп, берекесі мықты отбасылардың қатарын толықтыратынына сенімдімін. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, еліміздің демографиялық жағдайын жақсарту бағытындағы саясатты жүзеге асыру қадамдарының бірі. Жас жұбайларға жақсылық пен бақытты ғұмыр тілеймін! – деді А. Баталов.

Ғимараттың көгілдір лентасы қиылғаннан кейін қатысушылар мен шара қонақтары неке қию залына өтіп, осы сарайдың табалдырығын алғашқы болып аттаған 2 жұптың неке қию рәсіміне куә болды. Облыс басшысы жас отау иелеріне және шаңырақ көтергендеріне 50 және 60 жыл болған шараның құрметті қонақтарына естелік сыйлықтар табыстады.

Салтанатты шарадан кейін жиналғандар сарай ішін аралап көрді.

Бүгінге дейін ұзақ жыл бойы Талдықорғанда неке қию рәсімі, яғни АХАЖ жұмысы бейімделген ғимаратта атқарылып келді. Сондықтан арнайы ғимарат тұрғызудың қажеттілігі туындаған. Жаңа Салтанат сарайының жобасын жасаушылар облыс әкімінің тұрақты қадағалауымен сарайдың атына заты сай болуы үшін  ұсақ-түйекке дейін мән беріп, әрбір детальдің үйлесімде болуын қарастырды.

Салтанат сарайының іші алтындалған түспен әсемделген, жапсырма әшекейлермен әрленген. Күйеу жігіт пен қалыңдыққа арналған бөлмелер, неке қиюға арналған салтанатты зал, қонақтарға арналған күту залы, 350 орынға лайықталған мейрамхана, кең холл, жиын өткізетін зал бар. Нысанның сметалық құны 1 млрд. 360 мың теңге. Ғимараттың жалпы алаңы – 3531,5 шаршы метр. Ғимарат көп салалы болғандықтан басқа да кең ауқымды түрлі шаралар өткізуге болады.



 

https://dalanews.kz/31877

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар