Таяуда Талдықорған қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмысын бастады. Орталықтың негізгі мақсаты – зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай орталық қалада бұрын да болған, бірақ оның жұмысын жүргізіп, дамыту үшін қоғамдық ұйымдар арасында конкурс ойнатылатын. Енді орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме форматында қайта ашылып отыр, қазір оның қуаты 2 есеге артып, 220 орынға лайықталған.
Орталық келушілердің сұранысы мен қызығушылығына қарай 12 қызмет түрін тегін көрсетіп, 38 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Қаржылық және компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, қазақ тілі, тоқу және тігін курстарын ұйымдастырдық, спорт залы бар, йога, вокал, шахмат-дойбы, үстел теннисі бойынша сабақтар өтеді. Қазір орталыққа ыңғайлы уақытта 210-нан астам адам келеді. Қазір бассейнге бару мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта ашық аспан астында іс-шаралар, саяхаттар өткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін 16 орындық автобус сатып алынды.
Атап өтсек, орталықты дамытуға 2024 жылға 300 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні орталық 16 орынды шағын автобус, тренажерлар, гантельдер, жүгіру жолы, жаттығуға арналған құралдар, қабырға тіректері, гимнастикалық доптар, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ ойнауға арналған құрал-жабдықтар, тігін машиналары, тоқыма жиынтықтары, массаж креслолары, жылжымалы проекторларға арналған экрандар, стерео жүйе, проекторлар, маркер тақталары және т.б. қажеттіліктер сатып алынған. Ғимараттың жалпы ауданы 1349,8 м2.
Бірінші қабатта оқу сабақтарын өткізуге арналған орындар, медбике бұрышы, массаждық орындық, ал екінші қабатта спорт залы, вокалдық жаттығу бөлмесі, шахмат, дойбы, теннис ойнауға арналған үстелдер, тігін бұрышы және т.б. бар. Барлық қызметтер тегін көрсетілетін орталыққа Талдықорғанның зейнетке шыққан кез келген тұрғыны келе алады. Келушілер жеке басын куәландыратын құжат пен зейнеткер куәлігін көрсетуі керек.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ Талдықорған қаласы, Желтоқсан көшесі, 259 үй мекенжайында орналасқан.