Жетісулықтардың шетелді өзінің парасат-пайымымен жаулап алғаны баршаға аян. Гарвард және Гонконг ғылым және технология университетінің түлегі, "QazTrade" бас директоры Азамат Асқарұлының айтуынша, Талдықорғанның техникалық-математикалық жалпы білім беру базасы республикадағы үздіктердің бірі болып табылады.
Әкім есебінде тікелей байланысқа шыққан Азамат Асқарұлы, IT-мамандар үшін Жетісу жерінде балама ортаны қалыптастыру туралы мәселе төңірегінде сөз қозғады.
Өйткені, білім ордалары, лицей және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жыл сайын халықаралық білім бәсекесінде үнемі топ жарады. Ал, ресейлік, Еуропа, Қытай және АҚШ-тың жоғарғы оқу орындары үздік, білімді жастарды анықтауды жалғасытруда.
– IT инфрақұрылымды дамыту – бұл ең перспективалы және сұранысқа ие бағыттардың бірі. Сонымен қатар, "Smart City" тұжырымдамасын іске асыру IT-парк болуы мүмкін орталық ақпараттық-коммуникациялық тораптың болуын тікелей білдіреді,– дейді Амандық Ғаббасұлы.
Өңір басшысы сондай-ақ, жақын арада мамандармен бірлесіп, келешегі зор, талантты жастар өздерінің зияткерлік әлеуетін ашып, алысқа бармай-ақ, осы бағытта дамуы үшін, аталған мәселені егжей-тегжейлі пысықтауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Жиын барысында, Алматы облысында жас, білімді және болашағы бар мамандар арасынан кадр резервін құру тілге тиек етілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда президенттік кадрлық резерв құрылғаны баршаға мәлім. 300 резервші тізімін басқаратын Ренат Бектұров облыс әкімінің есеп беру кездесуінде көптеген жас мамандардың ірі қалаларға, тіпті шетелге кетуі туралы мәселені қозғады.
Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алған жастар туған өлкесінің гүлденуі үшін қажет. Кадрлық резервті құру идеясы көптеген талантты кәсіпқой мамандардың шыңдалуына мүмкіндік береді және Жетісу экономикасының серпінді дамуына оң әсер етеді.
– Жас, білімді және болашағы зор тұлғалар қатарындағы кадрлық резерв – бұл болашаққа үлкен инвестиция. Біздің өңірде мұндай адамдар аз емес. Мен мұны өте жақсы білемін. Олардың әрқайсысы өз саласының маманы. Егер біз оларды жұмылдырып, кадрлар резервін құрсақ, онда экономика мен әлеуметтік сала секторларын еселеп көтеретініміз сөзсіз, бұл жалпы тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға айтарлықтай көмектеседі. Әрине, егер олар сіз қойған тақырыпқа қызығушылық танытса, мен әрқашан жастарды қолдауға дайынмын. Жақын арада ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Департаментімен бірлесіп осы мәселені қарастырамыз, – деді Амандық Баталов.