Талдықорған аруы анықталды

Dalanews 25 қаз. 2018 11:03 1145

Ілияс Жансүгіров  атындағы мәдениет сарайында  «Талдықорған аруы – 2018» байқауы өтті. Нәтижесінде, байқау тәжі 18 жастағы Жазира Әділбекқызына бұйырды.

Кілең сұлулар бақ сынаған сайысқа 16-25 жас аралығындағы 45 ару ниет білдірген. Олардың арасынан 14-і іріктеліп, ақтық бәсекеге жолдама алыпты.

Сұлулық сайысы «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының дирекциясымен келісіліп, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілетін ресми жоба. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен бойжеткендер «Таныстыру», «Әсемдік әлемі», «Сұлулық әлемі» сынды үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде әр ару өзін таныстырса, екінші кезеңде сахнада жүру, өзін-өзі  ұстау шеберлігі сыналды. Ал үшінші кезеңде қыздардың көйлек таңдау талғамы ескерілді.

Осы сындардан еш мүдірмей өткен Жазира Әділбекқызы «Талдықорған аруы – 2018» атағына ие болды. Бүгінде ол Жетісу мемлекеттік университетінің құқық және экономика факультетінің 2-курс білімгері. Ендігі кезекте Жазира  «Қазақстан аруы – 2018» ұлттық байқауында қаламыздың намысын қорғайтын болады.

Ауқымы кең сұлулық сайысында ҚР Мәдениет саласының үздігі Дәурен Оқапов пен «Хан-Тәңірі» тобы  әсем әннен шашу шашса, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің бишілері мың бұрала би биледі. Сонымен қатар сұлулық сайысына эстрадамыздың жас жұлдыздары «Alem band» тобы арнайы келіп, өнер көрсетті.

Айта кетейік, былтыр «Талдықорған аруы – 2017» тәжі Жадыра Жұмағұлға бұйырған болатын. Бұл байқау облысымызда осымен 9-ыншы рет ұйымдастырылып отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар