Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын шарықтатты: Brent баррелі 90 доллардан асты

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын шарықтатты: Brent баррелі 90 доллардан асты
Фото: egemen.kz

Таяу Шығыстағы әскери шиеленістің күшеюі әлемдік мұнай нарығына бірден әсер етті. Дүйсенбі күнгі сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы 90 доллардан асып, кейінгі айлардағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сауда барысында Brent мұнайының бір баррелі 90,79 долларға дейін көтерілсе, кейін 90,04 доллар деңгейінде саудаланды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда шамамен 2,2 пайыз жоғары. Ал бір апта ішінде Brent бағасы 15,9 пайыз өсіп, сәуір айынан бергі ең ірі апталық өсімді көрсетті.

Америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай да қымбаттап, бір баррелі 84,10 долларға жетті. Оның бағасы тәулікте 1,95 пайыз, ал өткен аптада 15,5 пайыз өскен. Бұл наурыз айынан бергі ең жоғары апталық өсім саналады.

Бағаның көтерілуіне АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуы себеп болды. Мәліметтерге сәйкес, АҚШ тоғызыншы түн қатарынан Иран аумағына соққы жасаған. Ал АҚШ-тың одақтастары саналатын Кувейт пен Бахрейн Иран тарапынан жаңа шабуылдарға ұшырағанын хабарлады.

Кейінгі күндері тараптар теңіздегі тасымалға да қысымды күшейткен. АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізетінін мәлімдесе, Иран Ормуз бұғазындағы өз талаптарын бұзатын кемелерге қарсы әрекет ететінін ескертті. Айта кетейік, әлемдегі мұнай саудасының шамамен бестен бірі дәл осы Ормуз бұғазы арқылы жүзеге асады.

Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) дүйсенбі күні таңертең Омандағы Кумзар елді мекенінің солтүстік-батысында бір кемеден өрт шыққанын хабарлады.

Barclays банкінің сарапшысы Амарприт Сингхтің пікірінше, алдағы күндері өңірден мұнай экспортының нақты көлемі айқындала түседі. Оның айтуынша, нарық қатысушылары қазіргі геосаяси тәуекелдердің мұнай қорына ықпалын әлі толық бағалап отырған жоқ. Сарапшы сондай-ақ әлемдік мұнай қоры соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгейге дейін азайғанын атап өтті.

Ал LSEG тобының деректеріне сәйкес, жексенбі күні Ормуз бұғазы арқылы небәрі төрт кеме өткен. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда екі есе аз. Сонымен қатар жұма күнінен бері кемінде үш мұнай өнімдерін тасымалдайтын танкер мен бір супертанкер бұғазға мұнай тиеу үшін кіргені белгілі болды.