Шымкентте II топтағы мүгедектігі бар тұрғын тұрғын үйі, жер учаскесі және пәтеріне қатысты сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әйелдің айтуынша, сенімхатқа қандай жағдайда және қашан қол қойғанын есіне түсіре алмайды. Ол ешкімге өз мүлкін басқаруға немесе сатуға келісім бермегенін мәлімдеген. Сондай-ақ, ол құжаттар рәсімделген кезде облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем алып жатқанын айтқан.
Талап қоюшының пікірінше, екі нотариус пен туыстары оның психикалық жағдайын пайдаланып, құжаттарды рәсімдеп, кейін үйін, жер учаскесін және пәтерін сатып жіберген.
Сот істі қарау барысында сенімхаттар рәсімделгеннен кейін жауапкерлер әйелдің атынан әрекет етіп, оның барлық жылжымайтын мүлкін иеліктен шығарғанын анықтады. Соның салдарынан ол баспанасыз қалып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот-психиатриялық сараптама әйел 2019 жылдан бері психикалық ауруға шалдыққанын растады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес сенімхаттарға қол қойған сәтте ол өз әрекетінің мәнін түсінбеген.
Осыған байланысты сот сенімхаттар мен олардың негізінде жасалған сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде әйелдің құқығы толық қалпына келтірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.