Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Bingo-37 және Lotoboom онлайн платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберілген. Өтініш білдірген адамдарға аккаунт ашылып, логин мен құпия сөз берілген, ақша аударуға арналған шоттар жолданған.
Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Екі онлайн казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңге болған.
Ұйымдастырушылар қылмыстық жолмен келген кіріске - 200 млн теңгеден аса сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы көліктер, екі жер учаскесі бар.
Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.