Шымкентте Тоқтар Төлешовпен байланысты элиталық үй аукционға шығарылды

Шымкентте Тоқтар Төлешовпен байланысты элиталық үй аукционға шығарылды
коллаж: Dalanews.kz

Шымкент қаласында сотталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовпен байланысты компанияға тиесілі тұрғын үй сатылымға қойылды. Нысан электронды сауда алаңы – e-Qazyna порталында аукцион арқылы сатылмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Саудаға шығарылған үй Шымкенттегі Желтоқсан көшесінде орналасқан. Сатушы ретінде бұрынғы уақытта акцияларының басым бөлігі Тоқтар Төлешовке тиесілі болған «Дархан Group» ЖШС көрсетілген.

Мәліметке сәйкес, тұрғын үйдің жалпы ауданы 314,5 шаршы метрді құрайды. Ал жер телімінің көлемі – 0,0644 гектар немесе 6,44 сотық. Үй аумағында бассейн де бар.

Аукцион 27 тамыз күні бағаны төмендету тәсілімен өтеді. Нысанның бастапқы бағасы 240,2 миллион теңге болып белгіленген. Ал ең төменгі сату бағасы 40 миллион теңгені құрайды. Бұл ретте үйдің нарықтық құны 80 миллион теңге деп бағаланған.

Еске салайық, Тоқтар Төлешов 2016 жылдың қараша айында мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыппен 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ сот заңсыз жолмен алынған немесе сондай қаражатқа сатып алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарған.

Жуырда кәсіпкердің адвокаты Қарағанды облысындағы Абай аудандық сотына өтініш түсіріп, қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің жеңілірек баптарына қайта саралауды сұрағаны белгілі болды.