Шымкент мұнай өңдеу зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды

Шымкент мұнай өңдеу зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды
Фото: Қазмұнайгаз

Шымкент мұнай өңдеу зауыты ауқымды жөндеуден кейін жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кәсіпорында жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстары 27 наурызда басталған. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жүргізілген жұмыстар белгіленген мерзімнен үш күн бұрын аяқталды.

22 сәуірден бастап мұнайды бастапқы өңдеу өндірісі қалыпты режимге көшсе, 2 мамырда терең өңдеу кезеңі де толық іске қосылды. Жөндеу барысында 573-тен астам құрал-жабдық пен 170 құбыр желісіне техникалық тексеріс жүргізіліп, негізгі пештер мен маңызды қондырғыларға күрделі жөндеу жасалған. Атап айтқанда, ЭЛОУ-АТ, дизель отынын гидротазарту және каталитикалық крекинг қондырғылары жаңғыртылды.

"ҚазМұнайГаз" мәліметінше, жөндеу кезеңінде ішкі нарықтағы жанар-жағармай тұрақтылығы сақталып, зауыт өнімдері резервтік қорлар есебінен үздіксіз жеткізіліп отырған.

Алдағы уақытта зауыттағы келесі ірі жөндеу жұмыстары 2030 жылға жоспарланған. Бұған дейін, 2028 жылы жекелеген қондырғыларға қысқа мерзімді ағымдағы жөндеу жүргізу көзделіп отыр.