Шымкент маңындағы жол апатынан бір отбасының үш адамы қаза тапты

Шымкент маңындағы жол апатынан бір отбасының үш адамы қаза тапты
Көрнекі фото: kstnews.kz

Шымкент маңында болған ауыр жол апатынан бір отбасының үш мүшесі көз жұмды. Қаза тапқандардың екеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды dalanews.kz.

Stan.kz жазуынша, көлікте 44 жастағы Гаухар Өзілбаева, оның оқуға енді түскен қызы және туыстарының 11 жастағы баласы болған.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, олар жексенбі күні Арыстан Шымкентке қарай жолға шыққан. Балаларға мектепке қажетті киім-кешек алу жоспарланған. Оларға Астанадан келген туыстары да қосылған.

Қайғылы оқиға жақындарының көз алдында болған. Марқұм 11 жастағы Айдостың әкесі Ерғали Өзілбайдың сөзінше, ол алда келе жатқан, ал туыстары мінген көлік артынан жүрген.

Оның айтуынша, бір сәтте қарсы бағыттан жүк көлігі өткеннен кейін апат болған.

"Бірден кері бұрылып, оқиға орнына бардым. Жүк көлігінің иелері алғашында видеожазба бар екенін айтты. Кейін камера жұмыс істемейді, флешка жоқ деді. Жүргізушінің де айтқаны әртүрлі болды", – деді марқұмның әкесі.

Бұл – отбасы тарапының мәлімдемесі. Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталмақ.

Шымкент қалалық полиция департаменті 9 тамызда Шымкент – Бадам тасжолында болған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – делінген полиция хабарламасында.

Қара жамылған отбасы үш адамды соңғы сапарға шығарып салған. Жақындары апаттың себептері жан-жақты анықталып, кінәлі тұлғаларға заң аясында баға берілуін талап етіп отыр.