Цифрлық дәуірдің “тұзағы”: интернет-алаяқтықтан қалай қорғанамыз? Заңгерден кеңес

Қаракөз Амантай 30 нау. 2026 09:22

Қазақстанда интернет-алаяқтық мәселесі жыл сайын күрделеніп, жаңа формаларға ие болып жатыр. Криптоалаяқтық, фишинг, дропперлік схемалар, жалған сілтемелер – кейінгі жылдары кең тараған қылмыстардың қатарында. Заңгер Фархад Әбдіқадыр талай қазақстандықтың қалтасын қаққан құқықбұзушылықтар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қаралатынын, алайда оларды ашу тәжірибеде оңай емес екенін жеткізді. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына баяндады.

Қандай баптармен реттеледі?

Заңгердің сөзінше, интернет-алаяқтық ең алдымен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (“Алаяқтық”) қарастырылады.

“Бұл бап алаяқтықтың барлық түрін, соның ішінде интернет арқылы жасалған қылмыстарды қамтиды”, – дейді заңгер.

Сонымен қатар ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізуге қатысты 205–213-баптар, оның ішінде 211-бап (“ақпаратқа заңсыз қол жеткізу”) қолданылады.

“Көп жағдайда алаяқтық пен деректерді заңсыз пайдалану қатар жүреді”, – дейді ол.

Заңнамадағы жаңа өзгерістер

Кейінгі жылдары заңнама интернет-алаяқтықтың жаңа түрлеріне бейімделе бастады.

“Криптоалаяқтық, фишинг және деректерді ұрлау нақты қылмыс ретінде аиқындала түсті”, - дейді заңгер.

Оның айтуынша, жаңа 232-1-бап – “дропперлік” енгізілген.

“Бұл бөтен адамдардың банк шоттарын пайдаланып, ақша аудару схемаларына қатысты”, – деп қосты ол.

Ең кең тараған алаяқтық түрлері

Заңгердің айтуынша, қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың бірнеше кең таралған түрі бар.

“Соның ішінде фишинг ерекше орын алады. Алаяқтар СМС, WhatsApp арқылы немесе жалған қоңыраулар шалып, азаматтардың жеке деректерін алуға тырысады”, – дей ол.

Сонымен қатар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдайтын жағдайлар жиілеген.

“Олар құпия кодтар мен қаржылай мәліметтерді сұрайды”, – дейді заңгер.

Бұдан бөлек, азаматтардың атына онлайн-несие рәсімдеу фактілері де көбейіп отыр.

“Бұл – кейінгі жылдары жиілеген қауіпті схемалардың бірі”, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, криптовалюта мен треидингке байланысты жалған инвеститсиялық жобалар да кең таралған.

“Алаяқтар жоғары табыс уәде етіп, адамдарды қаржы салуға көндіреді”, – дейді заңгер.

Сонымен қатар маркетплеистерде, соның ішінде ОЛX секілді платформаларда да алдау фактілері жиі кездесетінін алға тартты.

“Бұл жерде тауарды көрмей тұрып ақша аудару сияқты тәуекелдер бар”, – деп түсіндірді ол.

Ал дропперлік шемаларда қылмыскерлер бөтен адамдардың банк шоттарын пайдаланады.

“Олар ақша аудару оператсияларын үшінші тұлғалардың атымен жүргізеді”, – дейді заңгер.

Қылмыстық жауапкершілік қалай қаралады?

Заң тұрғысынан әрбір әрекет нақты баптармен сараланады.

“Мысалы, басқа адамның атына онлаин-несие рәсімдеу 190-баппен қатар 211-бап боиынша да қаралады”, – дейді заңгер.

Оның түсіндіруінше, бөтен деректерді пайдалану ауырлататын мән-жай болып есептеледі.

“Бұл жаза көлеміне әсер етеді”, – дейді ол.

Ал фишинг арқылы код алу немесе жалған сілтеме жіберу де алаяқтық ретінде бағаланады.

“Мұндай әрекеттер ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабымен толықтырылады”, – дейді заңгер.

Жалған инвеститсиялық жобалар ірі көлемде жасалса, жаза күшеиеді.

“Ірі және аса ірі мөлшер болған жағдайда жауапкершілік те ауыр болады”, – дейді ол.

Шетелдегі алаяқтарды жауапқа тарту мүмкін бе?

Фархад Әбдіқадырдың айтуынша, мұндай жағдайларда халықаралық ынтымақтастық қажет.

“Интерпол және өзге де халықаралық механизмдер бар”, – дейді заңгер.

Алайда практикада қиындықтар бар.

“Көптеген колл-орталықтар шетелде орналасқандықтан, қылмыстардың ашылу деңгейі төмен”, – дейді ол.

Алаяқтық құрбаны болсаңыз не істеу керек?

Сарапшы ең алдымен банкке хабарласу керегін ескертті.

“Бірінші кезекте банкке жүгіну керек. Ақшаны тоқтату үшін шотты бұғаттау қажет", – деиді заңгер.

Одан кейін полицияға  арыз жазу керек.

“Бұл қылмыстық іс қозғау үшін маңызды”, – дейді ол.

Қай органға жүгіну керек?

Заңгер әрекет ету тәртібін нақты түсіндірді.

“Алдымен банк, кейін полицияға жүгіну қажет”, – дейді ол.

Оның айтуынша, банк қаржылай операцияны тоқтатса, полиция тергеу жүргізеді.

Қандай дәлелдер қажет?

Жәбірленуші барлық дәлелді  сақтауы тиіс.

“Чаттар, аудио жазбалар, ақша аударымдары, карта деректері және сайттардың скриншоттары – барлығы маңызды”, – дейді заңгер.

Банк жауапкершілігі қандай?

Бұл мәселе әр жағдайға байланысты әртүрлі.

“Егер банк күмәнді операцияны тоқтатпаса немесе қауіпсіздік шараларын сақтамаған болса, жауапкершілікке тартылады”, – дейді ол.

Алайда клиенттің өзі кодты беріп қоюы жағдайды өзгертеді.

“Егер азамат СМС-кодты өзі берген болса, банк көбіне жауапкершілік арқаламайды”, – дейді заңгер.

Қалай қорғануға болады?

Сарапшы негізгі ережелерді атады.

“СМС-кодты ешкімге бермеу керек, “банк қызметкері” дегенге сенбеу керек, тек ресми қосымшаларды пайдалану қажет”, – дейді ол.

Сонымен қатар жеке деректерді қорғау маңызды.

“ЭЦП және ЖСН мәліметтерін сақтап, күмәнді инвеститсияларға ақша салмау керек”, – дейді заңгер.

Қай кезде бірден дабыл қағу керек?

Заңгердің айтуынша, кейбір  жағдайларда дереу әрекет ету қажет.

“Егер ақша аударылып кетсе, сіздің атыңызға несие рәсімделсе немесе картаңызға күмәнді кіру болса – бірден әрекет ету керек”, – дейді ол.

Сондай-ақ СМС-код сұрау немесе қысым көрсету жағдайлары да қауіпті белгі.

“Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден банкке және полицияға жүгіну қажет”, – деп түйіндеді заңгер Фархад Әбдіқадыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove