Әлеуметтік желілерде Жезқазған қаласын абаттандыру кезінде жасанды газон төсеу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Талқыға негіз болған видеода қала аумағын көгалдандыру жұмыстары барысында табиғи шөптің орнына жасанды жабын қолданылып жатқаны көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Видео авторының пікірінше, мұндай тәсіл шынайы көгалдандырудың орнын баса алмайды.
«Тірі, экологиялық таза әрі ұзақ мерзімді жасыл желектің орнына дамудың арзан жасанды көрінісі жасалып жатыр», – дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, табиғи шөпті суарып, баптағаннан гөрі, дайын «көгалды» жайып қою әлдеқайда тиімді көрінген болуы керек.
Алайда табиғат бұл шешіммен келіспей, алғашқы желдің өзінде-ақ «декорацияның» бетін ашып берді.
Ал әлеуметтік желі қолданушысы Ринат Бикаевтың мәліметінше, Жезқазған әкімдігі бюджетті нақтылау барысында қала аумағына жасанды газон төсеуге 30 млн 176 мың теңге бөлуді жоспарлаған.

Сурет: instagram.com/rinat.bikaev.law
Оның айтуынша, жасанды жабынның бір шаршы метрінің орташа құны шамамен 800-1000 теңге аралығында. Бұл қаржыға қала аумағында 30 мың шаршы метрден астам жерге жасанды газон төселуі мүмкін.
Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл бастаманы сынға алып, қаражатты табиғи көгалдандыруға, ағаш отырғызуға және тұрақты жасыл аймақтарды дамытуға жұмсау тиімдірек болар еді деген пікір білдіруде.
«Бұл көгалдандыру емес, бюджет қаржысына жасалған сәндік декорация ғана. Жасанды газон көлеңке де бермейді, ауаны да салқындатпайды, экологиялық әсері де жоқ», – деп жазды әлеуметтік желідегі пікір иелерінің бірі.
Сонымен қатар, кейбір тұрғындар өңірдің құрғақ климаты мен су тапшылығын ескерсек, жасанды жабынның күтімі жеңіл әрі үнемді болуы мүмкін екенін алға тартуда.
Қазіргі уақытта видео мен оған қатысты пікірлер әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, тұрғындар арасында түрлі көзқарас туғызды. Ал Жезқазған әкімдігі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.