Су тасқыны кезінде 10 үй суға кеткен: Ұлытау облысында бірқатар тұлғаға қатысты іс сотқа жіберілді

Сағыныш Сардарова 30 қаз. 2024 09:23 21575

Ұлытау облысында Табиғи ресурстар басқармасының басшысына және тағы бірқатар лауазымды тұлғаға қатысты материалдар сотқа жіберілді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану дерегі бойынша, сондай-ақ, "Жезді өзенін санациялау" жобасы шеңберінде тиісті түрде жұмыс атқармаған тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді аяқтады.

Тергеу барысында құрылыс нормалары орындалмағаны, жобалау құжаттамасынан ауытқуларға жол берілгені анықталды, бұл жобалаушы мәлімдеген өзеннің су көлемінің өткізу қабілетін азайтты.

Облыстың табиғи ресурстар басқармасының басшысы іс жүзінде жасалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Құрылыс нысанына бармастан техникалық және авторлық қадағалаушылар да орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып берген.

"Лауазымды тұлғалардың осы қылмыстық әрекеттері биыл көктемде төтенше су тасқыны кезінде 10 жеке үйдің суға кетуіне әкеп соқты. Су тасқыны кезінде Ұлытау облысы Жезді кентіндегі 24 жеке үйден 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар