Мектепке бармаған, қоқыс полигонында өмір сүрген: БҚО-да он жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды

Мектепке бармаған, қоқыс полигонында өмір сүрген: БҚО-да он жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты он жастағы баланың анасын ата-ана құқығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоғарғы соттың мәліметінше, бала туғаннан бері ішімдікке салынған және бейберекет өмір сүрген анасымен бірге тұрған. Ол мектепке мүлдем бармаған, оқып-жазуды үйренбеген. Бала тамақ пен киімді қоқыс полигонынан іздеуге мәжбүр болған.

Алдымен ол үш айға балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Кейін 2026 жылы отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілді. Осы уақыт аралығында анасы ұлын бірде-бір рет іздеп келмеген.

Психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтады. Ол анасына қайтып барудан қорқатынын ашық айтқан.

«Анам мені қайтадан қоқыс полигонына алып кетеді деп қорқамын. Балалар ауылында маған ұнайды. Мұнда таза төсек пен жақсы тамақ бар», деп айтқан бала.

Сот әйелдің ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарғанын әрі өмір салтын өзгертуге ниет танытпағанын анықтады. Нәтижесінде ол ата-ана құқығынан айырылып, баланың жеке депозиттік шотына алимент төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.