"Ол ұлын үйлендірді. Той 26 сәуірге жоспарланған болатын. Ал осы демалыс күні келінінің үйге келген күнін өткізді. Жақында ғана сөгіс алған жоқ па еді?" - дейді Ulysmedia.kz дереккөзі.
Бұған дейін Тоқаев Нұржігітов басқаратын министрлікті сынға алды.
"Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады.
Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет.
Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс", – деді Президент.
Ал 30 наурызда Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді.
Ал сөгіс алған Нұржігітов қызметінен кетпейтінін мәлімдеді.
"Маған қатаң сөгіс жарияланды, ендігі жерде атқарылған жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып жүргізіліп жатыр, шара қолданатын шығар", – деп жауап берді ол.
Кейінгі деректер бойынша авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде, 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылған.
13 543 адам өз үйлеріне оралды. 7 014 адам, оның ішінде 3 144 бала эвакуациялау пункттерінде. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды.
107 613 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.