Су азайып, балық қырылып жатыр: қоғам белсенділері Ақтөбе су қоймасының тартылып бара жатқанына алаңдаулы

Қаракөз Амантай 15 мам. 2025 09:47 379

Ақтөбеде аймақтың ең ірі су қоймасының суы тартылып барады. Аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдері бұл жағдайға құм өндіретін карьерлер себеп болып отыр деп есептейді. Сонымен қатар, тұрғындардың айтуынша, Ақтөбе су қоймасы кәсіпорын қалдықтарымен ластанып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz “31 арнаға” сілтеме жасап.

Аңшылар мен балықшылар қоғамы бұл мәселеге биліктің назарын аудартуға бірнеше жылдан бері тырысып келеді. Қоғамдық бірлестік төрағасының айтуынша, су қоймасының тартылуына басты себеп — су арнасында құм қазу. Қазіргі таңда су қоймасының үштен бір бөлігіне жуығын карьерлер басып қалған. Алайда облыстық экология департаменті заңбұзушылықты тексеру үшін нақты дәлелдермен бірге ресми өтініш қажет екенін алға тартады.

"Сіз жағаны бұза бастасаңыз, бұл апатқа апарады. Мен бір кезде айттым: су қорғау аймағы бар, сол жерді қазуға болмайды деп. Бірақ қазір су таситын арнаның өзінде — балық уылдырық шашатын аумақта қазып жатыр. Кейін суды әдейі ағызып жібереді де, құм өндіруге кіріседі", — дейді Ақтөбе облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Алексей Гогель.

Қоғам белсенділері су қоймасының ластанып жатқанына да алаңдаулы. Олар бейнежазба түсіріп, су қоймасы маңында үйіліп жатқан қоқыс тауларын көрсеткен. Бұл қалдықтардың қайдан шыққаны және не себепті дәл сол жерде жиналғаны әзірге белгісіз.

Ал жергілікті билік өкілдері мәселе жоқ деп есептейді. Олардың айтуынша, су қоймасында егін суаруға да, өндіріс орындарына да жететін су бар. Ал жер қойнауын пайдаланушылар туралы акиматтағылар үш кен орнында жұмыс істеп жатқан екі компанияның да заң аясында әрекет етіп жатқанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар