Степногорск әкімінің орынбасары 1,1 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алуларға байланысты жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Степногорск қаласы әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы заңбұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Прокуратура мәліметінше, қала әкімдігі қысқы және жазғы кезеңде қаланы күтіп ұстауға арналған жұмыстарды жоспарлау кезінде бюджет заңнамасы талаптарын сақтамаған.
Тексеріс нәтижесінде прокуратура жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын тоғыз мемлекеттік сатып алу рәсімінің күшін жойған.
Сонымен қатар, сметалық құн қайта қаралып, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін 386 миллион теңге көлеміндегі шығын қысқартылған. Нәтижесінде мемлекеттік қаражат үнемделген.
Осылайша, қала әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.