Статистика: Алматы – Орталық Азиядағы ең қымбат қала

Ақтоты Жапатова 18 қыр. 2025 11:38

Numbeo порталының статистикасы бойынша Алматы Орталық Азиядағы өмір сүру құны ең жоғары қала атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маусым айында портал әлем қалаларындағы өмір сүру құнына қатысты деректерін жаңартты. Бағалауда азық-түлік, көлік, коммуналдық қызметтер және басқа да негізгі қажеттіліктер ескерілген.

Жазда ең қымбат қалалар тізімінде көш бастағандар:

  • Цюрих (112,5 балл);

  • Женева (111,4);

  • Базель (110,7);

  • Лозанна (110,5);

  • Лугано (108,4);

  • Берн (103,4);

  • Нью-Йорк (100);

  • Рейкьявик (96,2);

  • Гонолулу (94,4);

  • Сан-Франциско (90,7).

Қазақстан қалалары тізімнің төменгі бөлігінде орналасқан: Алматы – 29,4 балл, Астана – 26,5 балл.

Салыстыру үшін:

Алматы мен Астанадағы өмір сүру құны Мәскеуге (45,2 балл, 230-орын) және Ереванға (41,5 балл, 257-орын) қарағанда төмен. Бұл көрсеткіштер бойынша екі қала көршілес астаналар – Бішкек (26,8) пен Ташкентпен (26,2), сондай-ақ Минскпен (26,4) шамалас деңгейде. Алайда қазақстандық қалалар Орталық Азиядағы көршілерінен алға шықты.

Ең арзан өмір сүретін қалалар Үндістан мен Пәкістанда тіркелген. Үздік ондыққа алты үнді, үш пәкістандық және бір ливиялық қала кірді.

Тұрғын үйді жалдау құны бойынша рейтинг (Орталық Азия мен ЕАЭО аясында):

  • Мәскеу – 39,2 балл;

  • Ереван – 31;

  • Алматы – 22,9;

  • Ташкент – 21,1;

  • Бішкек – 20,2;

  • Астана – 19,7;

  • Минск – 19,5.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы өмір сүру құны дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Бұл шетелдіктер мен туристер үшін қолжетімді шығындар деңгейін білдірсе, жергілікті тұрғындар үшін табыс деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Бұл жерде жергілікті сатып алу қабілеті индексі де ескерілген. Ол тұрғындардың табысына қарай қанша тауар мен қызмет ала алатынын көрсетеді. 2025 жылы Астанада бұл көрсеткіш 59,4 балға жетті (2020 жылы – 45,3). Алматыда бес жылда 36,3-тен 55,9 балға өсті. Бұл қазақстандық қалалардың Орталық Азиядағы көршілерінен асып түсуіне әсер етті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар