Статимен соттасып жеңілдік. Митталмен мұндай қателік жібермеу керек - депутат Құспан

Dalanews 28 қаз. 2023 12:42 913

Осы уақытқа дейін «АрселлорМитталТеміртауға» қарасты кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айрылғандары да бар. Былтыр бір аптаның ішінде бес жұмысшы қаза болғаны есімізде.

Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды.

Осындай кезде Үкімет қайда қарап отыр деген сұрақ туындауы заңды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды.

Тамыз айындағы апаттан соң Президент атышулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген. Түндегі апаттан соң «АрселлорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп.

Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі келіссөздердің нәтижесі осыған әкелді.

Осы тұста ескеретін бірнеше мәселе бар. «АрселлорМиттал»-дың орнына кім келеді? Отандық инвестор болса, құба-құп.


Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте Президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық.

Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық алдындағы инвестициялық бет-бейнесін сақтап қалу, Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту.

Бұған дейін «АрселлорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зиян мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да онымен келісім-шартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек.

Кеше ғана қамауға алынған экс-министрдің ісінен белгілі: шетелдік кәсіпкер Статимен болған сотта Қазақстан миллиардаған шығынға батты, бірақ сонда да жеңіліске ұшырады. Яғни, мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені майшаммен қарау керек.

Бұл орайда, Президенттің кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек болары сөзсіз.

Абзал ҚҰСПАН, Мәжіліс депутаты


https://dalanews.kz/del-qazir/94643-aqparat-ministrligi-qaragandydagy-a

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар