Шығыс Қазақстан облысында шетелге бармақ болған тұрғындар алаяққа алданып, 20 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңір тұрғыны Travel the world туристік фирмасын құрып, әлеуметтік желіде БАӘ, Египет пен Түркияға ерте брондау бағдарламасы бойынша тиімді бағамен туристік жолдамалар сатылатыны туралы жарнама жариялаған.
Ол алаяқтық жолмен 13 жәбірленушіден жалпы сомасы 20 млн теңге алған.
Сот оны аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Апелляциялық сатыдағы сот "Рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, жазаны 4 жылға дейін қысқартқан.
Сот актісінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық заңы дұрыс қолданылмағаны анықталған. Прокурордың кассациялық наразылығы бойынша жаза мерзімі 5 жылға ұлғайтылды.