Биыл елімізде мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығы аталып өтілуде. Бүгін мерейлі датаға орай өңірде СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, зиялы қауым мен жұртшылықтың қатысуымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz
СҚО әкімі көрнекті тұлға, еліміздің біртуар перзентінің мерейтойына орай өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатты оқып берді.
Мерейлі іс-шараға Смағұл Сәдуақасұлының өмірін зерттеп, кітап жазған академик Диқан Қамзабекұлы мен белгілі азаматтар алып тұлға туралы тың ойларымен бөлісті. Смағұл Сәдуақасұлы күрделі кезенде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Елімізде тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етіп, қазақ басылымының тарихи бастауында тұрды.
Смағұл Сәдуақасұлы қысқа ғұмырында Қазақстанның тарихында жарқын із қалдырды. Солтүстікқазақстандықтар атақты жерлесін мақтан тұтады. Петропавлдағы 2-ші орта мектепке есімі беріліп, алдына бюст орнатылды. Бүгін мерейтойға орай ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сондай-ақ қазақ театрында «Смағұл шыңы» қойылымының тұсауы кесілді. Бұл шаралар Смағұл Сәдуақасұлының бай тарихи мұрасын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге септеседі.