Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура органдары еңбек қатынастары саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын анықтады. Жүргізілген талдау нәтижесінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген төлемдердің қызметкерлерге толық көлемде төленбегені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Атап айтқанда, Тайынша және Уәлиханов аудандарының білім бөлімдері Еңбек кодексінің 52-бабының талаптарын сақтамай, 215 педагог қызметкерге біліктілікті арттыру курстарынан өтуге байланысты іссапар шығындарын төлемеген. Төленбеген қаражаттың жалпы сомасы 22,3 млн теңгені құраған.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда 128 педагогқа 10 млн теңге көлемінде тиесілі төлемдер толық өтелді.
Қалған қызметкерлердің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
