Қазақстанның спорт саласы кейінгі жылдары айтарлықтай ілгеріледі. Халықаралық жарыстардағы нәтижелермен қатар, бұқараның спортқа қызығушылығы да артып келеді.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде 8,4 миллионнан астам адам, яғни халықтың 40 пайыздан көбі тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысады.
Спорт саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Евгений Азарьев енді басты назар тек өсімге емес, бөлінген қаржы мен ресурстарды тиімді басқаруға аударылуы керек екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“2026 жылы Туризм және спорт министрлігінің бюджеті шамамен 263,5 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат ұлттық құрамаларды дамытуға, олимпиадалық дайындыққа және республикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Сонымен бірге қаржының едәуір бөлігі өңірлік деңгейде шоғырланған. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы дене шынықтыру және спорт басқармаларының жиынтық бюджеті министрлік қаржысымен шамалас. Мысалы, тек Алматы облысының бюджеті шамамен 16,7 млрд теңгені құрайды, ал Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда бұл көрсеткіш жыл сайын ондаған миллиард теңгеге жетеді”, – дейді сарапшы.
Евгений Азарьевтің пікірінше, негізгі мәселе – басқару жүйесінің өңірлік деңгейде үзіліп қалуында. Формалды түрде жергілікті спорт басқармалары министрлік стратегиясына сүйенгенімен, іс жүзінде олардың басымдықтары көбіне жергілікті атқарушы органдардың міндеттерімен айқындалады.
Соның салдарынан қаржы бөлу теңгерімі бұзылып, қомақты қаражат кәсіби клубтарды дамытуға бағытталады да, бұқаралық және балалар спорты кейде екінші кезекте қалып қояды.
Екінші маңызды фактор – деректердің ашықтығы мен нақтылығының жеткіліксіздігі.
“Министрлік халықтың спортпен қамтылуы туралы мәлімет сұратқанда, өңірлер ұсынатын есептер кей жағдайда жоспарлы көрсеткіштерге сәйкестендіріліп берілуі мүмкін. Салдарынан стратегиялық шешімдер нақты жағдайды толық көрсетпейтін деректер негізінде қабылданады”, – дейді Азарьев.
Сарапшы инвестицияның тиімділігін арттыру үшін бірнеше маңызды бағытты атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен бюджет саясатын үйлестіру қажет.
“Өңірлік шығындар министрлік белгілеген ұлттық басымдықтарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар бірыңғай цифрлық есеп жүйесін енгізу маңызды. Бұл халықтың спортпен қамтылуын, инфрақұрылымның жағдайын және бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанын нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кадр саясатын да біріздендіру қажет. Атап айтқанда, өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау немесе оларды қызметке бекіту кезінде министрлікпен келісу тетігін енгізу ұсынылады. Бұл жалпы басқару жүйесінің тұтастығын сақтап, саланың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етпек”, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан спортты дамыту үшін берік негіз қалыптастырған.
“Елде қажетті ресурстар да, инфрақұрылым да, сондай-ақ айқын стратегиялық көзқарас бар. Ендігі басты міндет – осы жүйенің үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету”, – деп түйіндеді сарапшы.
