Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық мәні зор спорттық шараларды өткізіп, дүниежүзінің назары елімізге ауды. Қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан өзінің күш-қуатын әлемге паш еткені баршаға мәлім. Өткен жылы күзде ауыр атлетикадан әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырдық. Алда Универсиада келе жатыр. Көпшілік қауым осы шаралар елімізде бұқаралық спорттың дамуына негіз болады деп үміт артты. Бірақ бұқаралық спорт өз биігіне шыққан жоқ. Осы ретте Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры, Студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Закирьянов мырзамен еліміздегі бұқаралық спорттың аяқ алысы, Универсиадаға дайындық барысы жайында сұхбаттасудың сәті түсті.
Дайындық деңгейі жоғары
– Қайрат Хайроллаұлы, күні кеше ғана Словакия мен Испанияда жалауы желбіреген 27-ші Қысқы Универсидаға қатысып, байрақты бәсекенің Алматыда өткізуі үшін арнайы туды қабылдап алып, елге әкелдіңіз. Сіз өз өміріңізде көптеген Олимпиадалар мен Универсиадаларға қатысып келесіз, осы жолғы жарыстың ұйымдастырылуы қалай болды? Өз бағаңызды берсеңіз?
– Үстіміздегі жылдың 24 қаңтары мен 15 ақпаны аралығында Словакия мен Испанияда студенттер 27-ші Қысқы Универсиадасы болып, Қазақстан командасы жалпы есепте үшінші орынға ие болды. О баста айтулы дода Испанияның Грнада қаласында ғана өткізуді жоспарлаған еді. Бірақ Еуропаны жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс Испанияның жеке-дара халықаралық жарысты өткізуіне мүмкіндік бермеген соң, Универсиаданың біраз бағдарламасын Словакияның Штребске Плесо қаласында өткізу турасында шешім қабылданған болатын. Осылайша дағдарыс кезінде халықаралық деңгейдегі ауқымды шараларды ұйымдастыру ісі дамыған Еуропа елдерінің өздеріне үлкен қиындық туғызғанына куә болдық. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақстанның ауқымды шараны өткізуді мойнына алып отырғанын үлкен ерлікке бағалауға болады. Даму бағытынан айнымаған еліміз экономикалық қиыншылықтарға қарамастан Қысқы Универсиаданы ұйымдастыруға бел буып, білек сыбана кірісіп кетті. Осыдан бір ай бұрын шамасында ҚР Үкіметі Төрағасының орынбасары Бердібек Сапарбаев мырза Алматыға ат басын бұрып, айтулы жарысты өткізу үшін салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Ол жұмыс сапары барысында дайындық жұмыстарының бәрі кестеге сай, жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын өз көзімен көріп, ризашылығын білдірді. Сол кездесуде Бердібек Сапарбаев Универсиаданы жоғары деңгейде өткізуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бақылап отырғанын айтты. Сондықтан алдағы уақытта Алматыда жалауы желбірейтін Универсиада жоғары деңгейде өтіп, еліміздің абыройын асқақтататынына сенімдімін.
– Сонда Универсиаданы өткізудің дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқан болды ғой?
– Иә. 2016 жылдың тамыз айына дейін Универсиада өтетін ірі үш нысанның құрылысы аяқталмақшы. Олар – Алатау ауданында салынып жатқан он екі мың орындық мұз айдыны, бес мың орынды Олимпиада қалашығы және үш мың орынды шайбалы хоккей ойындарын өткізуге арналған мұз айдыны. Испания Универсиаданы өткізуді мойнына алғанда жаңадан бірде-бір спорт нысанын салған жоқ. Олар спорт нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өкінішке орай, олар жөндеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізе алмай, соңында жарыстың жартысын Словакияға тапсыруға мәжбүр болды. Бұдан кейін ұйымдастырушылар жедел түрде бас қосып, спорттық бағдарламалардың біраз бөлігін Словакияның Штребске Плесо қаласында өткізуге шешім қабылдады. Бұл қалада бірнеше жыл бұрын Универсиада өткендіктен Словакия үкіметі жаңа спорт нысандарын салып, әуреге түспеді. Осы жайттарды сараптаған адам Қазақстан Универсиаданы өткізу барысында дүниежүзілік қауымдастық алдында қандай жауапкершілікті мойнына алғанын байқаймыз. Словакияда шаңғыға қатысты спорт түрлері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Универсиаданың ашылуына Словакия президенті Андрей Кисканың өзі қатысып, айрықша қолдау көрсетті.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы Қысқы Азия ойындары кезінде күрделі жөндеуден өтті. Байрақты бәсеке аяқталғаннан кейін «Қазспортинвест» деген акционерлік қоғамның қарауына тапсырылды. Олар спорт сарайын бір күнге миллиондаған теңгеге жалға береді. Сарай Алматы қаласындағы бұқаралық спорттың дамуына титтей де үлес қосып отырған жоқ. Қазір спорт ғимараты иттер мен гүлдердің көрмесі өтетін орынға айналып барады.
– Қайрат мырза, Универсиадаға Қазақстан командасын бастап барып, жарысты бастан-аяқ тамашаладыңыз. Үшінші орынға табан тіреген қазақстандық спортшылардың ойындары көңіліңізден шықты ма?
– Бірден айтайын. Біздің команда Универсиадада сәтті өнер көрсетті. Жарыс басталған алғашқы күндері екінші орынды ешкімге бермедік. Тек соңғы күндері ғана күміс медальдар бойынша Оңтүстік Кореяға жол беріп алдық. Осылайша Қазақстан бұрын-соңды қол жеткізіп көрмеген тарихи көрсеткішке ие болып, еліміздің көк байрағын биік желбіретіп қайтты. Қысқы спорттың 12 түрінен бақ сынайтын байрақты бәсекеде 7 спорт түрінен спортшыларды қатыстырған Қазақстанның үшінші орыннан көрінуін үлкен нәтиже деп бағалаймын. Біздер Словакияда екі, Испанияда екі алтын медальға ие болдық. Біздің хоккейшілер ақтық сында Ресей командасымен ойнап, күміс медальды місе тұтты. 2005 жылы Австрияның Инсбрук қаласында болған Универсиадада Қазақстан командалық есепте жетінші орынға табан тіреген еді. Міне, содан бері біздің командамыз жоғары нәтиже көрсетіп, халықтың үмітін ақтады. Алматыда өтетін бәсекеде біздің спортшылар бұдан да жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін.
– Универсиадада топ жарған саңлақ спортшыларымызға лайықты құрмет көрсетілген шығар?
– Әрине, топ жарған спортшылыр сый-сияпатсыз қалған жоқ. Олимпиадада алтын алған спортшыларға Үкімет 250 мың доллар көлемінде сыйақы беріп келгені белгілі. Ал Азия ойындарында алтын алғандар 10 мың доллар, Универсиадада топ жарған спортшылар 3 мың доллар алушы еді. Айтулы жарыс басталмай тұрып, Үкіметке Универсиадада алтын алған спортшыларға берілетін сыйақы мөлшерін көтеру турасында ұсыныс жасадым. Өйткені, Универсиада Азия ойындарынан да тартысты өтетіні жасырын емес. Сондықтан Үкіметке хат жазып, өз ұсынысымды айттым. Өз кезегінде билік орындары ұсынысымды қабыл алып, Универсиадада алтыннан алқа тағынған спортшыларға 15 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындады. Бұл тек қана спортшының алатын сыйақысы. 2015 жылдан бастап дәл осы көлемдегі сыйақыны спортшылардың жаттықтырушысы да алатын болды. Күміс медаль алған спортшы 10 мың доллар, ал қолаға қол жеткізген жастарымыз 5 мың доллар сыйақыға ие болды. Осы ретте «Қала мен Дала» газетінің мінбесін пайдаланып, ұсынысымызды қабыл алған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке алғыс айтамын. Жарысқа қатысқан спортшыларымызды Астанада Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы қабылдап, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ыстық ықыласын жеткізді.
Спорт сарайлары ел игілігіне берілсін!
– Қайрат мырза, сіз еліміздегі бұқаралық спорттың дамуын жақтап, ұдайы мәселе көтеріп жүресіз. Қалай ойлайсыз, Универсиадаға арнап салынған спорттық нысандар қарапайым халықтың игілігіне беріле ме?
– Орынды сұрақ. Азияда ойындары кезінде елімізде бірнеше спорт нысандары салынды. Бүгінде сол жерде қарапайым халықтың спортпен айналысуына қалтасы көтермейді. Бұл дұрыс емес. Айталық, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы Қысқы Азия ойындары кезінде күрделі жөндеуден өтті. Байрақты бәсеке аяқталғаннан кейін «Қазспортинвест» деген акционерлік қоғамның қарауына тапсырылды. Олар спорт сарайын бір күнге миллиондаған теңгеге жалға береді. Сарай Алматы қаласындағы бұқаралық спорттың дамуына титтей де үлес қосып отырған жоқ. Қазір спорт ғимараты иттер мен гүлдердің көрмесі өтетін орынға айналып барады. Сондықтан ірі жарыстарды өткізу үшін салынған нысандарды жергілікті билік орындарының қарауына берген жөн. Сол кезде ғана елімізде бұқаралық спорт дамиды. Біздер осы спорт нысандарының коммуналдық қызмет ақысына қиналып, барлық нысанды коммерциялық құрылымға айналдыруымыз үлкен қателік. Осы спорт нысандарының аздаған шығындарын көтеріп, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасасақ, бұған кеткен шығынды денсаулық сақтау саласына бөліп отырған миллиардтаған қаржыдан үнемдеуге болады. Спортпен айналысқан адамның дені сау болатыны белгілі. Осыны ескеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуына баса мән беріп келеді. Өкінішке орай, әлдекімдер іске ортан жолдан араласып, спорт нысандарын коммерциялық құрылымға айналдырып, бұқаралық спорттың дамуына кедергі келтіріп отырғаны арқамызға аяздай батады.
– Қазір кез келген мемлекет үшін легионер мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Жалпы, бұл үрдіске қалай қарайсыз?
– Дүниежүзінің барлық елдерінде легионерлер бар. Бұл әлемде соңғы жылдары қалыптасқан үрдіс қой. Сондықтан бұған басыбүтін қарсымын деп айта алмаймын. Дегенменде, біздер бірінші кезекте еліміздегі жастарды спорттың түрлі саласына баулысақ, легионерлерге күніміз қарамас еді. Шалғайда жатқан ауылдарға барып, талантты балаларды іріктеп алып, спортқа тартуымыз керек. Қазақ спорт және туризм академиясы жас жеткіншектердің қандай спортқа бейімі бар екенін анықтап беретін арнайы тест жасап шығарды. Осы сынақтың көмегімен талай баланың талантын танып білуге болады. 5-6 сыныпты оқып жүрген жас жеткіншектердің осы сынақтан өткізіп, бейімін анықтатуға болады. Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сарынжіповтың бастамасымен Қазақстандағы студенттер мен оқушылар арасындағы спортты дамытудың концепциясын дайындадық. Осыдан біршама уақыт бұрын аталған құжатты министрліктегі мамандардың назарына ұсынғанымызда, олар біршама өзгертулер жасау керектігін ескертті. Біздер ескертулерді басшылыққа алып, құжатқа тиісті өзгертулерді енгіздік. Таяу күндері бұл құжат бекітіліп, жүзеге аса бастайтын болады. Бұл құжат ЖОО мен мектептерде спортты дамытудың шам-шырағына айналатын күн де алыс емес.
Спорт – денсаулық кепілі
– Олай болса, алдағы уақытта бұқаралық спорт дами түсетін болды ғой. Сіздіңше, ел азаматтары үшін спорттың орны қаншалықты болуы керек?
– Күні кеше ғана өткен Универсиадада Қазақстан 20 күн бойы командалық есепте екінші орында тұрды. Сол кезде әлем халқының «бұл қандай ел» деп Қазақстанды танып-білуге ұмтылды. Спорт – елді танытатын құрал екенін қазір бес жасар бала да біледі. Спорт елімізді танытып қоймай, халықтың денсаулығын көтеруге көп септесетін сала екені белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше медицина арқылы халықтың денсаулығын 10-12 пайызға дейін көтеруге болады. Бұдан ары қарай медицинаға миллиардтап қаржы құйсаңыз да жағдай жақсармайды. Ал бұқаралық спорт халықтың денсаулығын 55-60 пайызға дейін көтеретін мүмкіндікке ие. Сондықтан біздер бұқаралық спортты дамытуға қаржы аямауымыз керек. Мұның пайдасы орасан зор. Әлемде Универсиаданың мұрасы деген қағида қалыптасқан. Төрткүл дүние көз тіккен іс-шаралар мемлекеттің дамуына пайдасын тигізетіні тиіс. Байрақты бәсеке өткеннен кейін спорттық нысандарды жастардың пайдалануына берген жөн. Қандайда бір акционерлік қоғамдар еншілеп кетпеу керек. Сол кезде біздер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. 30 пайыз дегеніңіз 6 миллион адам. Сол 6 миллионның 10 пайызы спортпен кәсіби түрде айналысса (бұл дегеніңіз 600 мың адам) біздер шетелден спортшы шақырмас едік. Қазір біздер Қытайдан біраз ауыр атлеттерді шақырдық. Сол сияқты Кавказдан балуандар келіп, еліміздің намысын қорғап жүр. Бұқаралық спортты өркендетсек, легионерлерге күніміз қарамайды.
Лондон Олимпиадасында Мая Манеза мен Зульфия Чиншанло алтын алып бергенде Батыстың басылымдары «Қазақстан алтын медальға ие болды» деп сүйінші сұраған жоқ. Олар «Қытай өз азаматтарының Қазақстанға алтын медаль алып бергеніне наразылық білдірді» деген мағынада хабар таратты. Осындай жайттарды назарға алсақ, легионерлер абыройымызды біз ойлағандай асқақтатпайтынын байқаймыз. Сондықтан біздер бұқаралық спортты дамытып, талантты қазақстандық жастардың жарқырай көрінуіне жол ашуымыз керек.
– Ол үшін Универсиада үшін салынған ғимараттар халықтың игілігіне берілуі керек қой.
– Дұрыс айтасыз. Қазір бұл бағытта жұмыс істеп, Үкіметке тиісті ұсыныстар жасап жатырмыз. Спорт нысандарын халықтың пайдалануына беру мәселесін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те екі қолын көтеріп қолдап отыр. Ақырғы шешімді Үкімет қабылдайтыны белгілі. Өзіңіз білесіз тоқсаныншы жылдардың басында Алматыдағы университеттердің сол кездегі ректорлары жатақханалардың көпшілігін сатып жіберді. Соның кесірінен қазір Алматыдағы оқу орындары арасында жатақхана мәселесі ең өзекті мәселеге айналды. Біздер байрақты бәсеке аяқталғаннан кейін Универсиада қалашығын студент жастарға жатақхана ретінде беру турасында ұсыныс жасап жатырмыз. Менің бұл ұсынысымды қала басшысы Ахметжан Смағұлұлы да қолдады. Бірақ о бастағы жоспар бойынша шетелдік спортшылар үшін тұрғынжай ретінде салынған үйлер «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша халыққа үлестірілуі тиіс екен. Меніңше, Универсиада қалашығын халыққа баспана ретінде таратып беру жөн емес. Оны студенттер қалашығына айналдыруымыз керек. Қазір Алматыда 600-700 мың студент бар. Солардың тек 20 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Егер осы нысандарды студенттерге берсек, жастарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай қамқорлығын жылдар бойы айтып, көкіректерін мақтаныш сезімі кернеп жүрер еді. Таяуда Универсиададан кейін ел студенттері атынан Президент Нұрсұлтан Әбішұлына осы мәселені айтып, хат жазды. Қазақстан студенттері 2022 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен еліміздің Қысқы Олимпиаданы өткізетініне сенім артып отыр. Бүгінде айтулы жарысты өткізу үшін Алматы мен Бейжің ғана таласуда. Біздің бағымыз жанатынына сенімдімін. Сондықтан Универсиадаға арнап салған нысандарды мемлекет қарамағында қалдырған жөн.
Лондон Олимпиадасында Мая Манеза мен Зульфия Чиншанло алтын алып бергенде Батыстың басылымдары «Қазақстан алтын медальға ие болды» деп сүйінші сұраған жоқ. Олар «Қытай өз азаматтарының Қазақстанға алтын медаль алып бергеніне наразылық білдірді» деген мағынада хабар таратты.
Ғылыми-зерттеу институты қажет
– Қайрат Хайроллаұлы, бүгінде өзіңіз басқарып отырған Қазақ спорт және туризм академиясы білікті спортшылар дайындаумен қатар, спорттық ғылымды да дамытуға үлес қосып келе жатқанын білеміз. Қазақстандағы спорттық ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма?
– Спорттық ғылым бұл біздің ең осал тұсымыз. Қазіргі дамыған заманда спорттық ғылым дамымайынша спорт өркендемейді. Атақты спортшыларымыздың жаттықтырушылары спорттық ғылымға тиісті деңгейде мән бермейді. Бұдан кейін бабына келген спортшылар жарыс кезінде сүрініп, жайсыз жағдайларға тап болып жатады. Айталық, Серік Сәпиев Бейжің Олимпиадасы қарсаңында ол өз салмағында топ бастап тұрды. Көпшілігіміз Серіктің Олимпиадада топ жаратынына сенімді болдық. Жалпы, спортшылар белгілі бір уақыт аралығында бабына келеді. Сол бапты ірі жарыстарға дейін сақтап тұру үшін спорттық ғылымға жүгіну керек. Бейжің Олимпиадасы қарсаңында Серік біздің академияның жанындағы Спорттық ғылыми-зерттеу институтына келіп тексеруден өтті. Сол кезде мамандар Серіктің бабында екенін айтып, өзін-өзі зорықтырмай бабын сақтау турасында кеңес берді. Өкінішке орай, Серік мамандардың сөзіне құлақ аспай үсті-үстіне жаттығу жасады. Нәтижесінде ол Бейжің Олимпиадасында зорығып, чемпион бола алмай қалды. Кейіннен Серік ініміз өзінің қателігін түсінді. Лондон Олимпиадасында біздің институттың ғалымдарымен тығыз жұмыс істеп, олардың айтқандарын екі етпей орындап, нәтижесінде Лондон Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогінің иегері атанды. Дзюдоист Асхат Житкеев пен шаңғышы Алексей Полторанин Олимпиада ойындары қарсаңында мамандар кеңесіне құлақ, опық жеп қалғанын білемін. Сондықтан біздер спорттық ғылымды дамытуға көңіл бөлуіміз керек.
– Бұл бағытта мемлекет тарапынан қандайда бір қолдау қажет шығар?
– Әрине, бір оқу орынның күшімен спорттық ғылымды дамыту мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. 2001 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» бекіткен еді. Осы бағдарламада Қазақстанда бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамыту үшін елімізде ғылыми-зерттеу институтын құру тапсырылған еді. Өкінішке орай, Президенттің сол тапсырмасы орындалмай қалды. Қазір біздер академия жанынан шағын Спорттық ғылыми-зерттеу институтын құрып, жұмыс істеп жатырмыз. Шағын институт отандық спорттың өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан толықтай зерделейтін мүмкіндігі жоқ. Универсиаданың шеңберінде осы мәселені оң бағытта шешу турасында Үкіметке хат жазып, мәселе көтеріп жатырмыз. Байрақты бәсекеден кейін босаған ғимараттардың бір бұрышынан ғылыми-зерттеу институтын құру турасында ұсыныс жасадық. Бұл мәселенің қалай шешілетіні уақыттың еншісінде. Егер ұсынысымыз Үкімет тарапынан қолдау тапса, біздер халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгініп, заман талабына сай ғылыми-зерттеу институтын құратын мүмкіндігіміз бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды академия ғалымдары толықтай игеріп кететін мүмкіндігі бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.