Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ ауырған 431 120 адам тіркелді, оның ішінде 2 жарым мыңнан астам науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы 14 жасқа толмаған балалар.
Биыл халықты вакцинациялау аса қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін, сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады.
– Бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастаймыз. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен, сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым, – деді Алексей Цой.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанда егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді.
Бірыңғай дистрибьютор халықтың 10 пайызынан астамын тегін вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 2 млн астам дозасын сатып алды. Вакцина құрамында тұмаудың үш штаммы- А(H3N2), А(H1N1) және В қарсы антиген бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК-ға тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 7200 дозасын бөлген.
Емханда 3500 бала, 3700 ересек, оның ішінде 468 жүкті әйелді, диспансерлік есепте тұрған 2 582 адам мен 65 жастан асқан 519 азаматты және 350 медицина қызметкерін вакцинациялау жоспарлануда.
«Гриппол +» вакцинасы тұмауға қарсы ерекше жоғары иммунитет қалыптастырады.
Вакцинация тәуекел тобына кіретін адамдар үшін тегін, атап айтқанда:
- мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар;
- медицина қызметкерлері;
- жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі);
- жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар;
- созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар;
- 60 жастан асқан қарттар.
Елімізде бүгінде тұмауға қарсы вакцинациядан бас тартқандар тіркелген жоқ.