Шерзат Полат ісі бойынша жәбірленушілердің құқығын қорғайтын адвокат Мейірман Шекеев әріптесі Бағдат Амандосұлының не себепті бұл істен шеттетілгенін түсіндірді. Бұған дейін екеуі сотта бірге жұмыс істеген. Алайда, кейіннен Бағдат Амандосұлы істен шеттетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, әріптесінің әрекеттері істің мүддесіне қайшы болған. Ол бірнеше рет ескерту алғанымен, жұмысқа жауапкершілікпен қарамаған.
"Біз сот процесіне қатысып жатқанда, ол қалада концертке қатысып жүрді. Тапсырылған міндеттерді орындамады. Бұған қатысты нақты дәлелдер бар", – дейді Шекеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, ол істі жәбірленуші тараппен тек өзі — Мейірман Шекеев — келісімшарт негізінде жүргізіп жатқанын атап өтті. Яғни, Бағдат Амандосұлын бұл іске өзі тартқан. Алайда, бұл шешімі бүгінде өкініш туғызып отыр.
Шекеевтің айтуынша, келісімшарт мәтінін Бағдат Амандосұлы өзі дайындап, өзі қол қойған. Сол құжатта ол сот процесі аяқталғанға дейін қылмыстық іс бойынша БАҚ-та, әлеуметтік желілерде немесе кез келген қоғамдық алаңда пікір білдіруге, сұхбат беруге құқылы емес екенін нақты жазған. Дегенмен, осы талапты өзі бұзған.
"Жәбірленуші тарап бізге көптеген бейнематериал жіберді. Ол екі қызға қатысты мәлімдеме жасап, олардың мүддесін қорғайтын адам ретінде көрінді. Бұл әрекет – Шерзат ісінің мүддесіне қайшы", – деп мәлімдеді Мейірман Шекеев.
Сөз соңында ол Бағдат Амандосұлының соңғы мәлімдемесін өзіне қабылдайтынын айтып, оған астарлап емес, ашық сөйлеуге кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап жүрген адвокаттар тобының арасында келіспеушілік туындап, бірнеше қорғаушы істен шеттетілген болатын. Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Бағдат Амандосұлы мәлім етті.
Оның сөзінше, қорғаушылар тобын басқарып отырған Мейірман Шекеевтің айналасындағы кей тұлғалар кәсіби емес, жеке амбицияға негізделген әрекетке жол берген.
"Осы іске үлкен жауапкершілікпен келдім. 10 жылдан бері түрлі сот процестеріне қатысып жүрген тәжірибелі қорғаушымын. Бұл істі де бар ынтаммен зерттеп, аптасына екі рет сот отырысына қатысып, қалған күндері дайындықпен айналыстым. Жәбірленуші тараптың мүддесін шын ниетпен қорғауға тырыстым. Бірақ бұл істі атақ үшін қолға алғандар менің жұмысым мен ниетіме кедергі келтірді", – дейді ол.
Бағдат Амандосұлы сот процесі – “шоу емес, адам тағдыры шешілетін маңызды алаң” екенін еске салып, әріптестерінің тарапынан жасалған қысымды кәсібилік емес, эго мен монополия деп бағалады.