Алматы облысындағы Іле аудандық соты өндірісте ауыр жарақат алған қызметкерге жоғары технологиялық қол протезін сатып алып беруді жұмыс берушіге міндеттеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, шешім өндірістік жарақат салдарынан қолының басы ампутацияланған қызметкердің талап-арызы негізінде қабылданған.
Іс материалдарына сәйкес, медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкердің еңбекке қабілеттілігін тұрақты түрде жоғалтқанын және тұрақты протездеуді қажет ететінін растаған.
Сот шешімі бойынша, жауапкер мекеме бір ай ішінде протез орталығымен «Манифесто» протезін дайындауға келісімшарт жасасуы тиіс. Протездің құны 28 606 425 теңгені құрайды.
Сонымен қатар компания қызметкердің протездеу кезеңіндегі ауруханада тұру шығындарын да өтеуге міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.