Алматы облыстық соты Нұрбол Назарбаевтың апелляциялық шағымын қарап, Қарасай аудандық сотының бұған дейін шығарған шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz
Нұрбол Назарбаев соттан өзінің төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешімнің күшін жоюды сұраған. Ол жалпы көлемі 57,9 млрд теңгеден асатын қарызы бар екенін айтып, өзінде мүлкі барын және серіктестерінің қарыздың бір бөлігін өтеуге дайын екенін алға тартқан.
Алайда сот бұл уәждерді жеткілікті деп танымады. Апелляциялық соттың мәліметінше, Нұрбол Назарбаев өзінің нақты қаржылық жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік беретін табысы мен шығысы туралы толық мәлімет ұсынбаған.
Сондай-ақ сот ұсынылған құжаттарда оның мүліктік және отбасылық жағдайына толық талдау жасалмағанын атап өтті. Бұдан бөлек, сот алқасы Нұрбол Назарбаевтың дәл осындай өтінішпен бұған дейін де жүгінгеніне назар аударды. Алайда оның төлем қабілетінен айырылғанын немесе қаржылық жағдайын сақтап қалу үшін қандай да бір әрекет жасағанын дәлелдейтін құжаттар ұсынылмаған.
Осыған байланысты апелляциялық сот Қарасай аудандық сотының шешімін күшінде қалдырып, Нұрбол Назарбаевтың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бұл шешімге кассациялық тәртіппен шағымдануға болмайды.