Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді үйқамаққа жіберуден бас тартты

Көркем Алдабергенова 12 ақп. 2024 16:11 3705

Бүгін Қонеаевта журналист Думан Мұхамедкәрімнің соты басталды. Бірақ сотқа БАҚ өкілдері кіргізілмеген. Прокурор сот жабық өтуін сұрағандықтан судья өтінішті қанағаттандырған, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп. 

Алғашқы отырыста Думан Мұхамедкәрімнің адвокаты Жалғас Сапарханова судьяға сенімсіздік білдірді. Бұған қоса, қорғаушы сотты ашық өткізуді және іспен толық танысуды сұрады. Думан Мұхаммедкәрім әлі күнге дейін айыптау актісімен де, сот құжаттарымен де таныспағанын айтып, соттан іспен танысуға 15 күн беруді және өзін үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ сот журналисті үйқамаққа шығарудан бас тартты.

Алғашқы отырыс біткен соң журналист мәлімдеме жасады.

"Бұл - менің айыбым емес. Айыппен қосылмаймын. Менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып", - деді Думан Мұхаммедкәрім.

Сот отырысына журналистің жақтастары көптеп келген. Бірақ көбі сот отырысы өтіп жатқан залға кіре алмаған.Жиналғандар "Бостандық!" деп айғайлаған.  

Отырыстан соң адвокат Сапарханова Думан Мұхаммедкәріммен кездесіп шықты. Қорғаушының айтуынша, журналисті Қонаев қаласынан Талдықорған қаласындағы қамау изоляторына қайтадан алып кеткен.

"Думанды алдағы уақытта сотқа Талдықорғаннан онлайн қатыстыруы да мүмкін. Думан отырыстың жабық өтетініне, өзін Талдықорғанға алып кеткеніне наразы. Ол "мені сотқа онлайн қосса таң қалмаңыздар" деп отыр, бірақ Думан күресімді жалғастырамын дейді. Бізге Қонаев қаласы полиция департаментіндегі уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері сот 19 ақпаннан 29 ақпанға ауыстырылғанын айтты" дейді Сапарханова.

Айта кетейік, "Ne Deidi" Youtube-каналының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Журналист маусымнан бері қамауда отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар