Қадағалау органы әлеуметтік желілер мониторингі шеңберінде экстремистік, террористік сипаттағы ақпарат, жасөспірімдердің суицидін насихаттау және балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері таратылған топтарды анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мысалы, «POZOR PETRO» Telegram-арнасында кәмелетке толмағандардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін посттар, сондай-ақ сексуалдық сипаттағы бейнероликтер орналастырылды.
«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданған шаралармен аталған топтарға кіру бұғатталған. Жыл басынан бері облыс прокуратурасы заңсыз контенті бар 205 интернет-ресурсты бұғаттады.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы ата-аналарды кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, олардың интернет-белсенділігіне қызығушылық танытуға және олар қарап отырған мазмұнды бақылауға шақырады.
Ата-аналар тарапынан уақтылы назар аудару, интернет желісіндегі қауіпсіз мінез-құлық туралы үнемі әңгімелесу және әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайдаланылуын бақылау балаларды құқыққа қайшы әрекеттерге тартудың және зиянды мазмұнды таратудың алдын алудың маңызды шаралары болып табылады.