Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ тілді балабақшалар мәселесін көтерді. Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-даму комитеті мектепке дейінгі білім беру мәселелерін талқылап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың сөзінше, немерелерін елордадағы екі балабақшаға берген. Алайда екеуінде де балалар орысша сөйлей бастағанын байқап, оларды басқа жерге ауыстыруға шешім қабылдаған.
Депутат мәселенің мән-жайын анықтау үшін балабақшаларға барғанын, бірақ қызметкерлер арасынан өзіне қазақ тілінде жауап берген адам таппағанын жеткізді. Кейін немерелерін даярлық орталығына орналастырып, ол жаққа көңілі толғанын айтты.
"Екі балабақшада да қазақ және орыс тілінде деп жазылған. Бірақ қарасам, немерелерім орысша сөйлей бастады. "Неге олай?" деп бардым, ол жерде маған қазақша жауап беретін адам табылмады. Бірақ қазақ және орыс бөлімі дейді. Күзгі кеш болды. Балам Абайдың өлеңін жаттап барды, одан ешкім сұрамапты. Ол жерде барлығы орыс тілінде. Басқа балабақшаға бердім. Онда да сондай. Сол жағалаудан қазақ тілді балабақша таппадым", - деді ол.
Осы жағдайдан кейін Қазыбек Иса балабақшалардағы тіл мәселесін зерттей бастағанын мәлімдеді. Оның дерегінше, балабақшалардың шамамен 40 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде, тағы 30 пайызы аралас форматта жұмыс істейді.
Депутаттың пікірінше, аралас балабақшаларда оқу-тәрбие үдерісі көбіне орыс тілінде жүргізіледі. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиені мемлекеттік тілде жүргізу талабын күшейту қажет. Ол қазақ тілін меңгеру балабақшадан басталатынын айтты.