"Соғыс оты бұрқ етті". Air Astana Алматыдан Делиге және кері бағытта қатынайтын рейстерді тоқтатты

Кәмшат Тілеухан 08 мам. 2025 09:29 493

Рейстерді тоқтату, әзірге 8 мамырға ғана қатысты. Әуе компания қазақстандықтарды Үндістаннан отанына оралу үшін баламалы бағыттар бойынша репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Air Astana әуе компаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 8 мамырда Алматыдан Делиге және кері қарайғы рейстерді тоқтатты.

"Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana әуе компаниясы 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша KC 907/908 рейстерін тоқтатуға мәжбүр. Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билеттер құны толықтай қайтарылады", - деп хабарлады Air Astana.

Қазір әуе компания Қазақстан азаматтары мен Air Astana-ның басқа да жолаушыларын елге қайтару үшін баламалы бағыттар бойынша репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруда.

"Біз жағдайдың қалай қарай ойысатынын мұқият бақылап отырмыз және жолаушыларды болып жатқан кез келген өзгерістерден жедел хабардар етуге тырысамыз", – деп атап өтті әуе компания.

Айта кетсек, 7 мамырға қараған түні бақылауға жататын сызықта Үндістан мен Пәкістан арасында атыс басталды. Зымырандар да іске қосылды. Одан кейін Үндістан "Синдур" операциясын бастап кетті. Үндістанның Пенджаб және Пәкістанның Кашмир елдімекендерінде болған атыс салдарынан 31 адам қаза тауып, тағы бірнеше ондаған адам жарақат алды.

Жалпы, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс 2025 жылы 22 сәуірде Кашмирде болған терактіден кейін ушыға түсті. Ол кезде 26 адам қаза тапқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар