Совет үкіметінен бұрынғы уақытта білімді, өнерді қолдаған, тұтас ауылға қамқор болған қазақ байлары өткені белгілі. Батыста Эндрью Карнеги, Генри Форд, Стив Джобс секілді байлар өзгеше ойлайтын, халықшыл миллионер ретінде мәлім болды. Бізде бұндай кісілерді Құдайға қараған адам дейді демесеңіз, арнайы термин жоқ, ал батыста ондай байларды social entrepreneur деп атайды екен.
Social entrepreneur дегенді аударсақ, әлеумети кәсіпкер болады (қазіргі қазақ сөзжасамы «и» жұрнағын көп қолданбай, оның орнына «дік», «дық», «лік», «лық» жұрнағына ерекше белсенділік берген; тура осы жерде «әлеуметтік кәсіпкер» дегеннен гөрі, «әлеумети кәсіпкер» деген дұрысырақ болатын секілді; осылай қолдануға рұқсат етіңіз, мәртебелі оқырман). Бұл, қысқаша айтқанда, ақшасын қызық пен атаққа ғана емес, ізгілікке де, немесе тек ізгілікке жұмсайтын, қайырымды, халықшыл адам деген мағынаны береді. Қайырымдылыққа араласып, меценат деген атақ алып жүргендердің бәрі бұл категорияға ене алмайды. Әлеумети кәсіпкер, яғни, social entrepreneur болу үшін кәсібіңізді ел қамына қарай бағыттауыңыз керек, сіз шығаратын өнім немесе ұсынатын қызметіңіз қоғамға пайдалы болуы тиіс. Әлеумети кәсіпкер қызметке мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған жандарды алуға тырысады. Қалтасына түсетін ақшадан бұрын, әлеуметке пайда тигізуді, одан да бұрын зиян тигізіп алмауды ойлайды. Олар Генри Фордтың мына сөзіне тоқтайды: «адам қоғамға қаншалық пайда тигізсе, тура соншалық табыс табуы шарт».
Ицхах Адизестің айтуынша, кәсібінің идеясына берік адам – кәсіпкер, Ал Роберт Киосаки өзі араласпаса да жүре беретін кәсібі бар адам ғана кәсіпкер дейді. Қазақстанға түгел танылып, ең бай адамдардың қатарына кірмесе де, жоғарыдағы екі талапқа толық жауап бере алатын бір азаматты әлеумети кәсіпкердің мысалы ретінде әңгімелегім келіп отыр. Ол – Жезқазған Бизнес және Көлік колледжінің құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков.
Ол өз иелігіндегі колледж мамандарының сапасын жақсартпаққа үнемі талпынып жүреді. Онысы студенттер алдындағы жауапкершілікті сезінгенінен. Жаңа бастамаларды қолдап, оған мүмкіндігінше көмекке мұқтаж жастарды тартады. Тапқан ақшасын жұмсарда өзіне ғана қатысты етіп емес, айналасындағылардың да ақысын ескеріп жоспарлайды. Оның бұл әдетіне алыс-жақын таныстарының бәрі қанық. Осы жерден біраз лирикалық шегініс жасаған жөн. Өйткені, Бекзат Алтынбеков жасаған әрбір ізгі істің астарында оның балалық шағынан қалған әсерлер жатады...
Былтыр күзде Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында «Алтын жүрек» сыйлығының «Білімге қосқан үлесі үшін» номинациясын алып тұрып бұл кісі мына мазмұндағы сөзді айтты: «Осы күнге жеткенім үшін, 41 жас ғұмырында бізге үлгі көрсетіп кеткен Ғомар әкеме, 37 жасында 13 баламен жесір қалып, оларды аман-есен өсірген асыл анам Қайынжамалға рақмет айтамын». Бұл он үш баланың ортаншысы болған, он бір жасында әкеден жетім қалған баланың сөзі еді.
Алдымда ағаларым бар ғой деп алаңсыз кетпей, кейінгі іні-қарындастары үшін жүрегі сыздаған бала Бекзат ойнаудан ерте тиылған. Таңертең тұра сала сиыр сауып, үйдің оны-мұны шаруасын реттеп, түс болып қалған кезде нан әкелу үшін дүкенге жүгіреді екен. Сонда дүкенде кездескен әйелдер «Сиыр сауып келіпсің ғой, айналайын» деп риза болысып жатса, ыңғайсызданып «Сауған жоқпын» дейтін көрінеді. Сиырдың желінін тарта бергеннен саусақтары аппақ болып қалатынын байқауға ол кезде өмір тәжірибесі жетпегені ғой...
Сонда қарасы көп отбасы бір түскі астың өзінде төрт бөлке нан жейді екен. Әрине, бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады. Бірақ пендеге тән бір қасиет, мойындағы жауапкершілікті сезініп, сол үшін уайым жеу ғой. Шай үстінде осы бала-шағаны қалай ашықтырмаймын, қалай қатарға қосамын деп әлі қырыққа келмеген келіншек уайымдап отырса, соны ерекше сезіп он бір жасар ортаншы ұл да қамығып әрі ширығып отырады екен. Ширыққаны ғой, өзімнен кейінгі балалар басқа үйдің дастарқанына қызықпаса екен деп, тамақтың неше түрін пісіруді үйреніп, шамасы жеткенше дастарқанды толтыруға тырысып жүреді. Солайша, елгезектігімен көпшілікке жаққан бала Ғомар әкесінің абыройлы атына кір келтірмей ер жетеді.
Мектепті бітірген соң, кәсіби техникалық мектепке түспек болыпты. Алайда анасы үміт еткен ұлы жоғары білім алса екен дейді, сол үшін де емтихан тапсыруға университетке аттандырады. Сөйтсе де, ол жолы түсу бұйырмай тұр екен. Оған, бірақ бозбала Бекзат қуанбаса, мұңаймайды. Оқуға жұмса деп берген ақшаға сол жылы тұрмысқа шыққалы жатқан апасының тойына керекті заттарды алып, елге қайтады. Сөйтіп, Роберт Киосаки айтатын, сәтсіздікті қуанышқа, сүріністі жеңіске айналдыру принципін болашақ кәсіпкер бірінші рет басшылыққа алады.
Оқуға бармай қалған жылы жүкші болып жұмыс істей бастапты. Дегенмен, көп ұзамай бір кездері Ғомар марқұмның жақсылығын көрген аудандық газеттің бас редакторы жұмысқа шақырған екен. Бұл жаңа өмірдің, ағартушылық-қайраткерлік өмірдің басы еді. Одан аздаған жыл өткен соң Бекзат Алтынбеков Жезқазған қаласына келіп, «Дидар» телеарнасына жұмысқа тұрады, тағы аз уақыт өткеннен кейін Жезқазған университетін тарих мамандығы бойынша бітірді. Дипломы бар маман ретінде қызмет жолын мектепте бастап, ақыры жекеменшік оқу ордасын ашады. Бұл аралықта қызмет жолынан кәсіп жолына бет бұруға себеп болған бір оқиға бар...
«Бір жолы жұмысқа кетіп бара жатып, бәтеңкемнің бауын байламақ болып еңкейгенде қан қысымым көтеріліп, құлап қала жаздадым», – дейді Бекзат Ғомарұлы: «Сонда мен бір күні осылай өліп қалсам, бала-шағам кедейлікте қала ма деген ой келді. Сөйтіп, есік алдынан шағын дүкен аштым, содан қиындығы мен қызығы аралас кәсіп жолы басталып кетті».
Тағы сол былтырғы жылы жазда осы жезқазғандық Бизнес және көлік колледжінің дәстүрлі жиыны өтті. Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрының ғимаратында колледждің ұстаздарына, студенттеріне, сондай-ақ қала мектептерінде оқитын оқушыларға Бекзат Алтынбековтің атынан стипендиялар табысталды. Ең үлкен сыйлық – пәтердің кілті болды. Колледжде қызмет істейтін ерлі-зайыпты екі қызметкерге Жезқазған қаласынан бір бөлмелі пәтердің кілті берілді. Шағын болмаса да жеке баспанаға қол жеткізген адамның сахнаға шыққанда толқығаннан рақметті әзер айтып, басқа сөзге шамасы келмей қуаныштан күліп жібергенін көз алдыңызға елестеткен боларсыз.
Осылайша, бір кездері өзі қаламақы үшін жазу жазған жас журналист бүгінде жастарға стипендия, әртүрлі сыйақы, тіпті қаламақы беріп отыр. Енді-енді қаз-қаз басып орнынан тұрып келе жатқан, республикаға тарай бастаған «Бекзада» журналы осы әлеумети кәсіпкердің иелігінде. Ақпараттық кеңістікте жағымды мәліметтерді көбейтуді көздеген журнал, авторларына қаламақы берумен де ерекшеленеді.
Бекзат Алтынбеков бастаған әрбір ізгі іске сәттілік тілейміз және бұдан да зор жұмыстар күтеміз.
Арман ӘЛМЕНБЕТ