Олимпиада чемпионы Елдос Сметов мемлекеттен берілетін 117 миллион теңгені қайда жұмсайтынын айтпады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлысмедиаға сілтеп.
Жамбыл облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатына қатысқан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке "мемлекеттен алған қаражатты қайда жұмсайсыз?" деген сұраққа жауап берді.
– Әр спортшының арманы – артынан жақсы бір мектеп ашылса деген ой. Қызмет жасап, жинаған тәжірибені бөліскенге не жетсін!? Мемлекеттен әр спортшыға әртүрлі деңгейде берілетін қаражат бар. Әр адам өзінің жасап жатқан жұмысына қаражат алады. Ол қаражат - айдың аяғында түсетін айлықтарыңыз сияқты. Сол айлықты қалай жаратасың деп сұраса – қалай жауап берер едіңіз. Бұл жеке өмір ғой. Сол сияқты бұл әр адамның жеке өмірі Бұл менің отбасыма, еткен еңбегіме, төкен теріме, жеткен жетістігіме беріліп жатқан баға. Қалай жаратам, не істеп жаратам - жеке өміріме қатысты деп ойлаймын. Бұл төрт жылдық айлық сияқты. Жеке сұрақты қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын, – деді Елдос Сметов.
Мемлекеттен Елдос Сметовке алтын медаль алғаны үшін 250 мың АҚШ доллары беріледі. Бұл теңгемен шаққанда 117 млн теңгеден асады.
Айта кетейік,қазақ палуаны Елдос Сметов Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, Елдос Сметов олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен қашап жазды.
Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.