Кремльдің ресми сайтында жарық көрген салақұлаш дүниені миға құйып, санада сақтауды Қорғаныс министрі Сергей Шойгу міндеттеген екен.
Шойгудың төңірегі, "Путиннің үндеу сипатындағы соқталы еңбегі Ресейдің Қорғаныс күштері сапында парызын өтеп жүрген түп-тамыры украин немесе аға-бауыры Украинада тұратын сарбаздардың санасында төңкеріс жасады", дейді.
"Ресейлік жауынгерлердің украин халқына жаулығы жоқ. Бір кіндіктен тараған бауырлас ел деп қабылдайды. Президент мақаласының түп қайнары осы идеяның төңірегіне топтасқан” дейді тағы да сол Шойгудың шабармандары.
Қорғаныс министрлігі Путиннің туындысында аяқ алып жүре алмайтын өтірік-шыны аралас тарихи деректерді Ресей армиясының құлағына құйып, сарбаздарды соған сай “тәрбиелеуді” жоспарлап отыр.
…
Dalanews.kz-ке бұл мақаланың мазмұны жақсы мәлім, Кремль көсемінің толғауына алдыңғылардың бірі болып шолу жасағанбыз.
Шынтуайтында “орыстар мен украиндарды ауызбіршілікке шақырды” деген Путиннің пәлсапасында мұның жұрнағы да жоқ, материалдың өне-бойы агрессия мен айыптауға толы.
Путиннің пайымдауынша Украина атты мемлекет мүлде болмаған, қазіргі атауының өзі бұрмаланған.
“Украина” атауы көне орыс сөзінен бастау алады. “Окраина” дегенді білдіреді. Ресейдің шет аймағы дегенді аңғартып тұр. Архивті ақтарар болсақ “украинец” деп әуел баста шекара шебін күзететін, шекараны сырт күштерден қорғайтын адамдарды айтатын”, – деген Путин бүтін бір ұлтты “қарауылдың” статусына түсіріп тастаған болатын.
Кремль көсемі осы мақалада “Ресей сыйға тартқан территория” туралы ескі әңгімені қайта қозғаған.
КСРО-ның ыдырауы ештеңе емес, Кеңес үкіметінен бөлінген елдер әлімсақтан Ресейге тиесілі территорияны “иемденіп” кетті деген сыңайда сөйлепті. Мұндай бассыздыққа кім жол берді? Путиннің айтуынша, бұған бірінші кезекте большевиктер жауапты.
“Шекараны сызарда тарихи фактілерге тоқталған жоқ, КСРО құрамындағы елдерге кеңшілік жасап, қаншама аумақты сыйға тарта салды! Турасын айтқанда Ресейге тиесілі ұланғайыр территорияның ту-талақайын шығарды. Ресейді тонап тынды”, – деген еді ол.
…
Өткенге оралғанды ұнататын Путин КСРО құрылған 1922-1924 жылдарды ой елегінен өткізген. Айтуынша, сол тұста КСРО Конституциясына “одақтас республикалар одақ құрамынан қалаған уақытында емін-еркін шыға алады” деген шарт енген. Дәл осы шарт кейін Совет үкіметінің ыдырауына түрткі болған.
“Коммунистер осылайша мемлекеттің бүйіріне бомба орнатты. Ол уақыты келгенде жарылды. КПСС күйреген тұста әлгі шарт алдымыздан шықты. Жаппай “Тәуелсіздік парады” басталды”, – деген Путин “маған салса 1991 жылдың 8 желтоқсанындағы КСРО-ның саяси һәм халықаралық субъект ретінде жер бетінен жоғалғанын ресми хабарлаған Беловеж келісіміне қол қоймас едім” дегенді аңғартыпты. Әне!
…
Путин КСРО тұсында одақтас республикалар арасында нақты таңбаланған, айқындалған шекара болмағанына сенімді. Демек, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бөлек шыққан қазіргі егемен елдердің шекарасына қатысты сауал көп…
“КСРО орталықтан басқарылды. КПСС-тың әмірі жүріп тұрды. 15 республика жан-жаққа бытырай жөнелгенде ұланғайыр аумақ, миллиондаған адам тарихи отанынан жырылып қалды.
Жеке мемлекет болғыларың келе ме? Жо-жоқ, қарсы емесіз. Бірақ қандай жағдайда, қандай талаппен? Осыны ескеру керек еді”, – деген Путин 1922 жылғы Кеңес үкіметі құрылған келісімшартты алға тартқан екен.
“Бұған сай 1992 жылы КСРО құрамынан бөлінген елдер 1922 жылы КСРО құрамына қандай территориямен енді, сонымен шығуға тиісті еді! Олар “иемденіп” кеткен аумақ талқылауды, келіссөз жүргізуді талап етеді. Құжаттағы талап-шарт сақталмады”, – дейді Кремль көсемі.
Жалпақ тілмен айтқанда, немен келдіңдер, сонымен кетіңдер! КСРО шекпенінен шыққан елдердің қазіргі шекарасы легитимді емес. Путин соны айтқысы келгені анық.
Осы мақалада Ресей президенті князь Александра Невский туралы сөз қозғайды. Оның тұсында Ресейдің тарихи жерлерін “жинастыру” науқаны басталғанын мысалға келтірген…
…
Украина ше? Олар сатқындық жасады. Жақсылықты ұмытты. Орыстай аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл ағасының қадіріне жетпеді. Одан бұрын орыс тіліне обал жасады.
Сөй деген Путин Украинаның Совет үкіметінің төл өнімі екенін айтқан. Ресейдің арқасында аяққа тұрып, егемен атанған. Ең сорақысы КСРО құрамынан шығар кезде Ресейге тиесілі территория қолтығына қыса кеткен.
...
Туған күні қарсаңында әзірленген “Штрихи к портрету” деректі фильмінде экс-президент Назарбаев Қазақстанның солтүстік өңіріне сұқтанып жүрген ресейлік саясаткерлерге жауап қатқан.
Назарбаев бұл мәселеге Путиннің стилінде пікір білдіріп, Ресейдің Сібір аймағын сөз еткен.
“Мысалы, Батыс саясаткерлері Сібірді аузынан тастамайды. “Бұл аймақ Ресейдің құрамына зорлықпен қосылған. Сібірді Кремльдің құрамынан шығарып алу керек” деген сыңайда сөйлейді. Бұл да сол секілді. Ресей Қазақстанның территориясына көз алартпайды және қандай да бір территориялық талабы жоқ. Лавров бұл мәселеге әлдеқашан нүкте қойған. Барлығын ресми деңгейде қарастыру керек.
Әрбірден соң мына заманда кім не айтпай жатыр? Ойына келгенді көкитіндер көп. Оның үстіне Украинадағы жағдай отқа май тамыза түсті. Шығыс Украина бар, құрамына қайтарып алған Қырым бар…”, – деген еді Назарбаев аталған жайтқа арнайы тоқталып.
Елбасы мұндай арандатуға көңіл бөлмеуді, назар аудармауды үйрену қажет дейді.
Әйтсе де, “Ресей КСРО шекпенінен шыққан елдерге ұланғайыр аумақты сыйлай салды” деген Кремль көсемінің пікірін жауапсыз қалдырғанды жөн көрмеген.
“Сыйға тартылған жер? Мұндай әңгімелер айтылды. Кімге, қай территорияны тарту етіппіз? Біз Алтын Орданың мұрагеріміз, егер сол кезеңге дейін тереңдесек, Мәскеу княздығы күн сайын алым-салық төлеп тұрған. Табанымыздың астындағы қара жер кімге тиесілі екенін білу үшін, мың жылдық тарихымызды еске алу керекпіз бе?! Бізге сырттан ешкім ештеңені сыйға тартқан жоқ. Сондықтан мұндай арандатуға назар аударудың қажеті шамалы. Ең бастысы Ресейдің ресми билігі дейді, сол маңызды”, – деп қосып қойды Назарбаев.
Думан БЫҚАЙ
https://dalanews.kz/sadak/64826-bizding-zherimizdi-qoltygyna-qysa-kett