Бүгін Республика күніне орай Сырым ауданында 30 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көктемдегі су тасқыны Өлеңтідегі үйлерге де, әлеуметтік нысандарға да зардабын тигізді. Арнасынан асқан өзен суы ауылға жайылып, А. Бердіғалиев көшесіндегі біраз жанның жылы панасы, көп жанұяның құтты мекені болған жатақхана көлкіген судың ортасында қалды. . Төтенше жағдай уағында зардап шеккені себепті нысан қайта салынды.
Жаңа кешен бұрынғы жатақхананың іргесінен, яғни Өлеңті ауылы, А. Бердіғалиев көшесінен бой көтерді.
Альбина Алишева жетекшілік ететін “ShineProject” жобалаушы компаниясы тұрғынжайды әсем әрі ыңғайлы жобалады. “ShineProject” ұсынған суреттегі ғимаратты мердігер “Profline Constraction” ЖШС 4 айда қалқайтып тұрғызды.
Серіктестік ең білікті құрылысшыларды, шынайы шеберлерді, кәсіби бригадаларды жұмысқа тартты.
Таңның атысынан күннің батысына дейін мігірсіз қызмет еткен құрылысшылар “машинасы” 30 пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын жылыту маусымына дейін аяқтап үлгерді. Міне, қазір А. Бердіғалиев көшесіндегі жатақханадан бөлек, Жымпитыдағы Қолғанатов көшесіндегі апатты күйде тұрған үй- жайдың тұрғындары да жаңа шаңыраққа көшіп келіп жатыр. 60 - қа жуық оқушы каникулдан кейін мектептеріне жаңа үйден барады.
Айта кетейік, нысанның жалпы көлемі - 1353,6 шаршы метр. Бір пәтерлі тұрғын үйдің меншігі 45,12 шаршы метрді құрайды. Оның жартысы - тұрғын алаңы. Әр үйдің өзінің дербес ас үйі, қазандығы және санитарлық торабы бар. Жобаның құны - 651 мон теңге.
Жаңа тұрғын үй кешеніне “Бірлік” деген атау берілді. Үй ауласында балаларға ойын алаңы да салынған.
"Сырым ауданы ғана емес, биыл Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерді топан судың топалаңын тартты. Тасқын кезінде тұрғын үйлеріміз қирағанмен, тұтастығымыз бұзылған жоқ. Халықтың бірлігінің арқасында сындарлы күндерден сынбай өттік. Өлеңтідегі тұрғын үй кешенін “Бірлік” деп атадық. Бұл, елдің бірлігіне деген құрмет!", - деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтау лебізінде.
Осы сияқты мердігер “Profline Constraction” ЖШС директоры Талғат Қайнекешов ауыл халқына жаңа баспаналардың игілігін тіледі. Талғат Борисұлы құрылыс саласында ғана емес, мәслихат депутаты ретінде де қоғамдық - саяси өмірде де халық тарапының өкілі ретінде белгілі.
"Тұрғын үй кешенінде көп балалы аналар, әлеуметтік жағдайы әлжуаз топтағы жанұялар тұратынын түсіндік. Жедел уақытта сапалы дүние жасадық деп ойлаймын", - деді ол.
Салтанатты кілт табыстау рәсімінен кейін “Profline Constraction” ЖШС құрылысшылары Қанат Насенов, Тұрарбек Бисенов, Дәулет Төлеуов және ““ShineProject” жобалаушы компаниясының өкілі Елена Бровкина аудан басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Жаңа кешен 30 - ға тарта отбасының баспана мәселесін шешіп отыр. Кілтке ие болғандар арасында Бақытжанов Данияр секілді жас мамандар да бар. Данияр Сырым аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етеді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы